Абай облысында адам саудасына қарсы республикалық акция басталды

    ·
    Абай облысында адам саудасына қарсы республикалық акция басталды

    Абай облысының полицейлері тұрғындарға адам саудасының белгілері мен қылмыскерлердің құрбаны болмау жолдарын түсіндіруде.

    Абай облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы 30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған « Адам саудасы – ауыр қылмыс » республикалық ақпараттық науқанына қосылды.

    Акция Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өтіп жатыр.

    Науқанның алғашқы күні полицейлер Семей қаласындағы адам көп жиналатын орындарды аралап, тұрғындарға ақпараттық жадынамалар мен кітапшалар таратты.

    Азаматтарға адам саудасының негізгі белгілері, қауіпті жағдайға тап болған кезде әрекет ету тәртібі және көмек сұрауға болатын байланыс арналары түсіндірілді. Мұндай жағдайда полицияның 102 нөміріне хабарласу қажет.

    Полицияның мәліметінше, адам саудасы мәжбүрлі еңбекке тарту, жыныстық қанау, қайыр сұрату, заңсыз әрекеттер жасауға мәжбүрлеу, заңсыз асырап алу немесе адам ағзаларын заңсыз алу түрінде көрініс табуы мүмкін.

    Қылмыстың негізгі белгілеріне еңбек шартының болмауы, жеке құжаттар мен табыстың тартып алынуы, адамның жүріп-тұру еркіндігінің шектелуі және психологиялық қысым көрсету жатады. Қылмыскерлер адамдарды алдау, қорқыту, бопсалау және қарыздық тәуелділікке түсіру тәсілдерін қолданады.

    Полицейлер тұрғындарды жеке құжаттарын бөгде адамдарға бермеуге, шетелде жұмыс істеу немесе білім алу туралы ұсыныстарды мұқият тексеруге шақырды.

    Сондай-ақ сапарға шығар алдында барлық құжаттарды толық зерделеп, баратын мемлекеттегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің байланыс деректерін алдын ала жазып алу ұсынылады.

    Полиция өкілдері азаматтарды дер кезінде ақпараттандыру мен қауіпсіздік шараларын түсіндіру адам саудасының алдын алуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары