
Ақмола облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Гүлнара Жанбекованың төрағалығымен Сараптамалық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырыс барысында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері қаралды.
Қатысушылар жасөспірімдер арасындағы қылмыстылықтың жай-күйін, профилактикалық шаралардың тиімділігін, аутодеструктивті мінез-құлыққа бейім кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу мәселелерін, сондай-ақ репродуктивті денсаулықты қорғау және ерте жүктіліктің алдын алу жөніндегі шараларды талқылады.
Талқылауға мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру және денсаулық сақтау жүйесінің өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясының, Үйлестіру кеңесінің мүшелері қатысты. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл, тәуекелдерді ерте анықтау, балалар мен отбасыларға уақытылы көмек көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша профилактикалық жұмысты жетілдіруге және кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірленді.
Гүлнара Жанбекова балалардың құқықтарын, қауіпсіздігін және әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, бұл бағыт барлық мүдделі органдар мен ұйымдардың жүйелі бірлескен жұмысын талап ететінін айтты.





