
Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен бірлесіп, Ақтау қаласындағы амфитеатрда өткен ауқымды концерт барысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Іс-шараға шамамен 15 мың көрермен қатысты. Полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде қоғамдық тәртіп толық қамтамасыз етіліп, құқық бұзушылықтарға жол берілген жоқ.
Іс-шара барысында балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Концерт кезінде көпшілік арасында ата-анасынан адасып қалған 26 бала полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында қысқа уақыт ішінде табылып, аман-есен ата-аналарына тапсырылды.
Маңғыстау облысы полиция департаменті қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқан қала тұрғындары мен қонақтарына алғыс білдіреді және бұқаралық іс-шараларға барған кезде ата-аналарды балаларына мұқият қарауға шақырады.





