
Абай облысы Полиция департаменті Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұза отырып пайдаланылып жүрген шетелдік тіркеудегі көліктерді анықтау жұмыстарын жалғастыруда.
Еске сала кетейік, 2023 жылы Қазақстанда 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген көліктерді бір реттік заңдастыру жүргізілді. Осы науқан кезінде Абай облысында 14 330 өтініш қабылданып, оның 7 859-ы мақұлданды. Көлік иелеріне тіркеу куәліктері берілді. Оның ішінде:4941 көлік жеңілдетілген тіркеу алымымен заңдастырылды;
1 402 көлік «конструктор» санатымен тіркелді;1 517 көлік уақытша есепке қойылды.
Бағдарлама аяқталғанына қарамастан, кейбір азаматтар шетелдік нөмірлі көліктерді заңсыз пайдаланып жүр.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шаралар өткізіп, мұндай көліктерді анықтап, жүргізушілерге заң талаптарын түсіндіруде және заңда көзделген шараларды қолдануда.
Заң талаптарын бұза отырып шетелдік тіркеудегі көлікті басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет анықталған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Егер осы құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайта жасалса, 20 АЕК айыппұл немесе 1 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы қолданылады.
Абай облысы Полиция департаменті барлық жүргізушілерді заң талаптарын сақтауға шақырады. Шетелдік тіркеудегі көлікті заңсыз пайдалану заңда көзделген жауапкершілікке әкеледі. Сондай-ақ, егер көліктің Қазақстан аумағында заңды жүру мерзімі аяқталған болса, ол арнайы айып тұрағына қойылуы мүмкін.








