
Жаздың шуағы мен Алакөлдің әсем табиғаты мыңдаған демалушыны бір арнаға тоғыстырған сәтте, Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері көпшіліктің назарын қоғам үшін аса өзекті мәселеге – есірткі қылмыстарының алдын алуға аударды.
«Алакөл алаулары» атты мерекелік іс-шара аясында ұйымдастырылған профилактикалық акция көңіл көтеру мен қоғамдық қауіпсіздік идеясын ұштастырған мазмұнды бастамаға айналды. Демалысқа келген тұрғындар мен туристердің назарына есірткінің адам тағдырына, отбасы бақытына және қоғамның дамуына тигізетін орны толмас зардаптары баяндалған арнайы бейнеролик ұсынылды. Экраннан көрсетілген әрбір көрініс көпшілікке бір ғана ойды жеткізді: есірткі – бір сәттік қызығушылық емес, бүтін бір өмірдің тағдырын өзгертуі мүмкін қауіп.
Акция барысында полиция қызметкерлері азаматтармен еркін форматта тілдесіп, есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау, өндіру және тарату фактілері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, есірткі қылмыстары үшін қарастырылған жаза түрлері мен заң талаптары көрсетілген 2000-ға жуық ақпараттық буклеттер таратылып, әрбір қатысушыға құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды мәліметтер ұсынылды.
Алакөл жағалауында өткен бұл акцияның басты ерекшелігі – профилактикалық жұмыстың халық көп жиналған орында ұйымдастырылуы. Мыңдаған адамның демалыс сәтін құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мазмұнды ақпаратпен толықтыру – полицияның қоғаммен ашық әрі тиімді байланыс орнатуға деген ұмтылысының нақты көрінісі болды.
Шараны республикамыздың әр өңірінен келген 4 мыңға жуық қонақ тамашалап, есірткісіз қоғам құру – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін тағы бір мәрте сезінді.








