
Полиция аға лейтенанты Каммунаұлы Әлібидің жұмыс күні азаматтарды қабылдаудан басталады. Күн сайын бөлімшеге уақытша болатын жері бойынша тіркелуі, құжаттарын рәсімдеуі, кеңес алуы немесе Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде болуына қатысты мәселелерін шешуі қажет шетел азаматтары жүгінеді.
2026 жылдың басынан бері Абай облысына 4 мыңнан астам шетел азаматы келген. Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, олардың басым бөлігі — шамамен 80 пайызы көші-қон заңнамасының талаптарын сақтайды. Дегенмен, заң талаптарының орындалуын бақылау күнделікті әрі жүйелі еңбекті қажет етеді.
Азаматтарды қабылдағаннан кейін қызметкер тексеру жұмыстарына шығып, шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын ұйымдарды аралайды. Сондай-ақ жұмыс берушілермен және қабылдаушы тараппен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, заңнама талаптарын түсіндіреді және ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алады.
Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 800-ден астам шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 107 адам сот шешімімен Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Полицейлер көбінесе уақытша болатын жері бойынша тіркеудің болмауы, елде болу мерзімін асырып жіберу және заңсыз еңбек қызметімен айналысу фактілерін анықтайды.
Полицияның аға лейтенанты Каммунаұлы Әлібидің айтуынша, көші-қон қызметінің басты міндеті – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алу. Заңнаманы дер кезінде түсіндіру және кеңес беру шетел азаматтарына қателіктерге жол бермей, еліміздің аумағында заңды түрде болуына мүмкіндік береді.
Көші-қон қызметкерінің жұмыс күні барлық материалдарды рәсімдеп, атқарылған жұмысты қорытындылағаннан кейін ғана аяқталады. Алайда келесі күні оны тағы да ондаған азаматтың өтініші, тексерулер мен профилактикалық жұмыстар күтеді. Өйткені заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті және көші-қон тәртібін қамтамасыз ету – қоғам игілігі жолындағы күнделікті қызмет.








