
Сандықтау ауданының Каменка ауылында аудандық маңызы бар «Белгородское – Каменка» автомобиль жолындағы су өткізу құбырына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті тұрғындар арасында Шенцев көпірі ретінде белгілі бұл нысан ауданның көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың бірі болып табылады.
Аталған жол учаскесі аудан орталығын Каменка, Преображенка, Белгородское және Раздольное ауылдарымен байланыстырады. Бұл елді мекендерде 1,5 мыңнан астам адам тұрады.
Жобаның жалпы құны – 148 млн теңге. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жол қозғалысының қауіпсіздігі артып, гидротехникалық құрылыстың сенімді пайдаланылуы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ елді мекендер арасындағы көлік қатынасы үздіксіз жүзеге асады.
Шенцев көпірін жөндеу мәселесі бірнеше жыл бойы жақын маңдағы ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болып келді.
«Бұл – тұрғындар ұзақ уақыт күткен жобалардың бірі. Көпірдің жаңартылуы ауылдар мен аудан орталығы арасындағы сенімді көлік қатынасын қамтамасыз етеді. Ең бастысы – тұрғындардың жүріп-тұру қауіпсіздігін арттырады», – деді Сандықтау аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Михаил Сметанников.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы жол инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.









