
Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде Қожа Ахмет Ясауидың рухани-философиялық мұрасын кеңінен дәріптеуге арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті. Ауқымды рухани-ағартушылық жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды жаңғырту, тарихи тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Семинарды «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов жүргізді. Ол Қожа Ахмет Ясауидың рухани мұрасы ұлттық бірегейлікті нығайтуға, өскелең ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеуге қызмет ететінін атап өтті.
Семинар барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «Қожа Ахмет Ясауи мұрасының тарихи және рухани маңызы» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым ұлы ойшылдың түркі дүниесіндегі орнына және оның ілімінің қазіргі қоғам үшін өзектілігіне жан-жақты тоқталды. Университет доценті, дінтанушы Сержан Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, «Диуани хикмет» еңбегіндегі адамгершілік, имандылық және рухани кемелдену идеяларының тәрбиелік маңызын түсіндірді.
Іс-шара барысында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, жастар арасында насихаттау және рухани құндылықтарды қоғамдық өмірге кеңінен енгізу бағыттары бойынша пікір алмасты.
Сарапшылар Ясауи мұрасын дәріптеу рухани қауіпсіздікті нығайтудың, ұлттық тұтастықты сақтаудың және дәстүрлі құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудің маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті.









