
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Алакөл көлінің жағалауында Жетісу облысы Полиция департаментінің табиғат қорғау полициясы қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп рейдтік іс-шара өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, табиғат қорғау заңнамасының талаптарының сақталуын бақылау, көл жағалауының тазалығын сақтау, демалушылардың экологиялық мәдениетін арттыру, сондай-ақ су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін түсіндіру.
Рейд барысында заңсыз сауда жасау, қоршаған ортаны ластау және абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты 60-қа жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Анықталған барлық құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері демалушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, жағалау аумағының тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға ғана тастау, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң ұстану қажеттігін еске салды.
Жетісу облысының Полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауға және демалыс орындарының тазалығы мен қауіпсіздігі әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпауға шақырады.









