
Аудан әкімі Ермек Карентаев бастаған топ таяуда Азия чемпионы атанған жерлесіміз, Күшаман ауылының тұрғыны Кемелбек Сабырбектің шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Кездесу барысында аудан ақсақалдары мен ауыл тұрғындары жас балуанның жетістігін ел мерейі деп бағалап, ақ тілектерін айтып, баталарын берді.
Небәрі 20 жасында Азия құрлығының үздігі атану – үлкен еңбек пен табандылықтың жемісі. Жерлесіміздің бұл жеңісі тек өзінің ғана емес, бүкіл Мойынқұм жұртшылығының ортақ қуанышы мен мақтанышы болды. Сондықтан да бұл жетістікті «Мойынқұмның жеңісі» деуге толық негіз бар.
Кездесу барысында Кемелбек Сабырбек алдағы жоспарларымен бөлісіп, енді әлем чемпионатына дайындықты бастайтынын айтты. Осы мақсатта жақын күндері Талдықорған қаласына аттанып, оқу-жаттығу жиындарына қатысады.
Айта кетейік, маусым айында Филиппиннің Манила қаласында өткен Азия чемпионатында Кемелбек Сабырбек 92 келі салмақ дәрежесінде барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль иеленді. Оның бұл жарқын жеңісі қазақ спортының абыройын асқақтатып, Мойынқұмның атын халықаралық аренада тағы бір мәрте танытты.









