Алғада аудандық Мәдениет үйіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

    ·
    Алғада аудандық Мәдениет үйіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

    «K-SBI Prom» ЖШС мердігер ұйымы құрылыс жұмыстарын 98 пайызға орындады. Құны 421,1 млн теңгені құрайтын жоба облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

    Соғысқа дейінгі жылдары салынған Мәдениет үйі ұзақ жылдар бойы Алға қаласының басты қоғамдық орталықтарының бірі болып келді. Аудан өміріндегі көптеген маңызды оқиғаның куәсі болған ғимарат бүгінде жаңаша келбетке ие. Кең ауқымды жөндеу жұмыстарының нәтижесінде заманауи инженерлік жүйелер орнатылып, көрермен залы мен басқа да бөлмелер толық жаңартылды. Сонымен қатар Мәдениет үйі өзінің басты құндылығы – тоқсан жылға жуық уақыт бойы түрлі буын өкілдерін тоғыстырған ерекше рухани атмосферасын сақтап қалды.

    Өзгерістер тек ғимараттың өзімен ғана шектелген жоқ. Мәдениет үйінің айналасы абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылды, жасыл желектер отырғызылып, демалыс аймақтары ұйымдастырылды. Қазандық пен қоршау жөнделіп, заманауи бейнебақылау және жедел хабарлау жүйелері орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолайлы қозғалысы үшін пандус жасалды. Жөндеу жұмыстарының маңызды нәтижелерінің бірі – ұзақ жылдар пайдаланылмаған үшінші қабаттың қайта іске қосылуы. Енді бұл жерде үйірмелер, шығармашылық ұжымдар мен мәдени іс-шараларға арналған қосымша кабинеттер жұмыс істейді.

    Нысанды аралау барысында Асхат Шахаров аудан ардагерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, мәдениет саласының қызметкерлері және жастармен кездесті. Әңгімелесу кезінде тұрғындар ауданда жүзеге асып жатқан оң өзгерістерді атап өтіп, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлгені үшін алғыстарын жеткізді.

    «Біз жол салып, елді мекендерді ауыз су және газбен қамтамасыз етіп жатырмыз. Сонымен қатар тұрғындардың мәдени және спорттық тұрғыдан дамуына жағдай жасау да аса маңызды. Бұл Мәдениет үйінің аудан үшін орны ерекше. Тоқсан жылға жуық уақыт бойы мұнда әр буынның өкілдері бас қосып, концерттер, мерекелік және қоғамдық іс-шаралар өткізіліп келеді. Бүгін біз аудан тарихының бір бөлшегін сақтап қана қоймай, оның алдағы жұмысына лайықты заманауи жағдай жасадық», – деді Асхат Шахаров.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары