Елорда күніне орай Байқоңыр ауданында жаңа абаттандырылған аула ашылды

    Елорда күніне орай Байқоңыр ауданында жаңа абаттандырылған аула ашылды

    Елорда күніне орай Байқоңыр ауданындағы Ғабдуллин көшесі, 17/1 мекенжайында орналасқан жаңа абаттандырылған ауланың салтанатты ашылуы өтті. Жаңартылған қоғамдық кеңістік тұрғындардың демалуына, көңіл көтеруіне және бос уақытын белсенді өткізуіне қолайлы жағдай жасалған тағы бір тартымды орынға айналды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

    Абаттандыру жұмысы аясында ауладағы жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, заманауи шағын сәулет нысандары орнатылды. Ересектерге арналған демалыс аймақтары мен балаларға арналған ойын алаңдары жабдықталып, аумағы көгалдандырылды. Енді аула қауіпсіздік, жайлылық және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді.
    Ашылу салтанатына орай қонақтарға музыкалық нөмірлер, байқаулар мен интерактивті бағдарламалардан тұратын мазмұнды мерекелік шара ұсынылды. Мерекенің ең белсенді қатысушылары балалар болды. Олар үшін аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламалары, көңілді ойындар және түрлі қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды.

    Шағынаудан тұрғындарының айтуынша, жаңартылған аула Елорда күніне арналған көптен күткен тарту болды.

    «Маған біздің ауламыз қатты ұнайды. Мұнда жаңа гүлдер отырғызылды, әткеншектер, спорттық жаттығу құрылғылары орнатылды, аулаға жаңа асфальт төселді.

    Біз бұл жерде 12 жылдан бері тұрамыз. Қазір МИБ төрағасы мен аудан әкімдігінің бірлескен жұмысының нәтижесін көріп отырмыз. Кешкісін отбасымызбен серуендеу керемет,ләззат сыйлайды. Немерем енді мұнда күн сайын кешке велосипед тебеді», – дейді үй тұрғыны Жанар Әбішева.

    Бұл аулада соңғы рет абаттандыру жұмысы шамамен 18 жыл бұрын жүргізілген.
    «Аула соңғы рет 2008 жылы, тұрғын үй пайдалануға берілген кезде абаттандырылған. Араға шамамен 20 жыл салып, аумақ кешенді түрде жаңартылып, жаңа келбетке енді.

    Жұмыс барысында 2 500 шаршы метр асфальт төселді, 32 автотұрақ орны жасалды, 470 шаршы метр тас төсеме және 600 шаршы метр қауіпсіз резеңке жабын төселді.

    Аулаға екі заманауи балалар ойын кешені, жеті ойын элементі және жеті көше тренажері орнатылды.

    Сонымен қатар 10 велосипедке арналған екі велотұрақ жабдықталып, аумақты кейіннен көгалдандыру үшін тіреу қабырғасы салынды», – деді аудан әкімі Талғат Рахманберді.

    Ауланың салтанатты ашылуы тұрғындардың белсенді қатысуымен өтті. Осыған орай олар дәстүрлі «Аула күні» мерекесін ұйымдастырып, үлкен дастарқан жайды. Ал балаларға аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары