
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік штабтың II отырысы өтті.
Отырыста өңірде есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, нашақорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды.
Есірткі – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның болашағына төнетін үлкен қауіп. Сондықтан оның алдын алу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Абай облысында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай бір ай көлемінде ауқымды ақпараттық-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мемлекеттік органдардың, жастар ұйымдарының, еріктілердің және қоғам белсенділерінің қатысуымен 50-ден астам акция, флешмоб, спорттық жарыс, концерт және түсіндіру кездесулері өткізілді.
Айлықтың ашылуы Семей қаласының Республика алаңында 1000-нан астам жастың қатысуымен өткен «Есірткіге STOP де!» флешмобымен басталды. Ал қорытындысында «Есірткісіз қала – есірткіге жол жоқ!» акция-концерті ұйымдастырылып, жастар арасында спорттық сайыстар мен викториналар өткізіліп, белсенді қатысушылар марапатталды.
Іс-шара барысында Абай облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Тілек Қамза сөз сөйлеп, есірткіге қарсы күрестің маңыздылығына тоқталды.
«Есірткіге қарсы күрес – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Жастардың денсаулығы мен қауіпсіз болашағын сақтау үшін ата-аналар, ұстаздар, мемлекеттік органдар және қоғам болып бірлесе әрекет етуіміз қажет. Біз заңсыз есірткі айналымына қарсы жұмысты күшейтумен қатар, профилактикаға ерекше көңіл бөліп келеміз. Себебі әрбір сақталған жас өмір – еліміздің жарқын болашағы», – деді ол.
Өңірлік штаб отырысында облыс әкімі Берік Уәли нашақорлықтың алдын алу мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелердің, білім беру ұйымдарының, ата-аналардың және азаматтық қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Есірткімен күрес – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жастарымыздың дені сау, білімді әрі ел болашағына үлес қосатын азамат болып қалыптасуы үшін алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде күшейтуіміз қажет. Мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, ата-аналар мен қоғам болып бірлесіп әрекет еткенде ғана бұл індеттің таралуына тосқауыл қоя аламыз. Біз жастардың салауатты өмір салтын таңдауына барлық жағдайды жасап, олардың қауіпсіз әрі жарқын болашағы үшін кешенді жұмысты жалғастыра береміз», – деді Абай облысының әкімі.
Сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Жыл басынан бері Абай облысында 113 есірткі құқық бұзушылығы анықталып, заңсыз айналымнан 340 келіге жуық есірткі және психотроптық заттар тәркіленді. Сонымен қатар жастар арасында 338 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оқу орындарында дәрістер, дөңгелек үстелдер, интерактивті сабақтар және ақпараттық кездесулер ұйымдастырылды.
Басты мақсат – есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоюмен қатар, жастардың салауатты өмір салтын таңдауына ықпал ету.
Болашақ – есірткісіз өмірді таңдаған жастардың қолында!








