
Сарыағаш ауданы аумағында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы мақсатта Ақжар және Дербісек ауылдық округтерінде ауыз су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев алдымен Дербісек елді мекеніндегі жер асты су ұңғымасынан су қоймасына дейін құбыр тарту құрылыс нысанындағы жұмыстардың барысымен танысты. Сондай-ақ ол жергілікті тұрғындармен және мердігер мекеме өкілдерімен кездесті.
Жобаға сәйкес ұзындығы 1,3 шақырым ауыз су құбыры тартылып, автомобиль жолдарының астынан көлденең бағытта бұрғылау әдісімен құбыр өткізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар сыйымдылығы 160 м³ болатын темір-бетонды су қоймасын салуға арналған қазаншұңқыр қазылып, бетондау жұмыстары басталған. Аталған жобаның мердігер мекемесі – «ADA Qurylys» ЖШС, ал тапсырыс беруші – ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Сонымен қатар, аудан әкімі Ақжар елді мекенінде жүргізіліп жатқан ауыз су нысанының құрылыс барысын пысықтады. Құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтуді мердігер мекеме өкілдеріне қатаң тапсырды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тиісті бақылауды күшейтуді міндеттеді.
Қазіргі таңда елді мекен аумағында су қоймасын қоршау, диаметрі 110 мм және 160 мм ауыз су құбырларын жүргізу, сондай-ақ су құдықшаларын орнату жұмыстары атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы шамамен 45 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 170 су құдықшасы орнатылған. Аталған жобаның мердігер мекемесі – «САҚ-ҚҰРЫЛЫС» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 58 пайызы орындалған.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі









