
Астанада №35 «Ертегі» балабақшасында «Ата Заң – тәуелсіздіктің тұғыры» атты танымдық жиын өтті. Іс-шараны «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Балабақша бүлдіршіндеріне «Конституция – еліміздің басты заңы» тақырыбында түсіндірме жүргізіліп, «Біз – Қазақстанның бақытты балаларымыз!» патриоттық флешмобы өткізілді. Сонымен қатар, шығармашылық көрмелер, «Құқығымды тап» секілді дидактикалық ойындар мен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
«Іс-шараның басты мақсаты – балалардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге баулу және өз құқықтары мен міндеттері туралы алғашқы қарапайым түсініктерді қалыптастыру. Сондай-ақ, педагогтердің құқықтық мәдениетін арттыра отырып, Конституциядағы білім беру, бала құқықтары мен педагог мәртебесіне қатысты негізгі қағидаларды талқыладық. Балабақша қызметкерлеріне құқықтық-патриоттық тәрбие берудің жаңа әдіс-тәсілдерін жеткіздік», – деді №35 «Ертегі» балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Умида Рахимова.









