
Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Кәсіптердің трансформациясы және болашақ дағдылары» тақырыбында Career Day офлайн-конференциясы өтті. Іс-шарада еңбек нарығындағы өзгерістер, цифрлық технологиялардың дамуы, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану және болашаққа қажетті дағдыларды қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Жиынды Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, TechnoWomen қоғамдық бірлестігі және Astana Hub халықаралық технопаркі ұйымдастырды.
Конференцияның мақсаты – еңбек нарығындағы жаһандық өзгерістер жағдайында жаңа мүмкіндіктерді айқындау, цифрлық құзыреттерді дамытуға ықпал ету және азаматтардың, оның ішінде әйелдердің заман талабына сай жаңа кәсіптерді игеруіне қолдау көрсету.
Бағдарлама аясында қатысушылар жаңа цифрлық мамандықтар, жасанды интеллект құралдарын қолдану тәжірибесі, IT саласында білім алу мүмкіндіктері, жұмысқа орналасудың заманауи тәсілдері және кәсіби қайта даярлау бағыттары жөнінде ақпарат алды.
Сондай-ақ конференция барысында үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық бастамаларды қолдау мақсатында берілетін гранттық қаржыландыру тетіктері туралы айтылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









