«Мерекелік саябақ»: Астана күні қарсаңында қалалық фестиваль өтеді

    «Мерекелік саябақ»: Астана күні қарсаңында қалалық фестиваль өтеді

    Елорда күні қарсаңында «Мерекелік саябақ» қалалық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
    Мәдени-танымдық бағдарлама 4 шілде күні Өнер музейінде, ал 5-6 шілде күндері Орталық саябақ аумағында өтеді.

    4 шілде күні сағат 12:00-ден бастап Өнер музейінде (Отырар көшесі,1/2) ұлттық мәдениет пен дәстүрлі өнерді дәріптеуге бағытталған шеберлік сабақтары мен мәдени-ойын-сауық іс-шаралары өтеді. Бағдарлама аясында киіз үй және домбыра жасау бойынша шеберлік сабақтары, жетіген, сазсырнай және өзге де қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарында ойнауды үйрету, әлеуметтік билер, флешмоб, сондай-ақ ұлттық ойындар мен танымдық іс-шаралар ұсынылады.

    5-6 шілде күндері сағат 12:00-ден бастап Орталық саябақта фестивальдің негізгі бағдарламасы жалғасады. Саябақ аумағында ұлттық болмыс пен заманауи шығармашылықты үйлестіретін арт-нысандар галереясы, стрит-арт аймағы, балаларға арналған интерактивті алаңдар, экологиялық ойындар, қолөнер және шығармашылық шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

    Фестиваль бағдарламасында балаларға арналған қазақстандық анимациялық фильмдер көрсетіліп, аниматорлар мен ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен ойын-сауық шаралары өтеді. Сонымен қатар отбасылық демалысқа арналған крафт ойындар, спорттық және командалық белсенділіктер, шығармашылық аймақтар мен ашық аспан астындағы музыкалық бағдарламалар қарастырылған.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары