
Жеке тұлғаларға микрокредиттер беру қызметін жүзеге асыратын ломбардтар Қазақстан Республикасы Салық кодексінің қосылған құн салығына (ҚҚС) және электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) рәсімдеуге қатысты нормаларын қолданудың ерекшеліктерін ескеруі қажет.
ҚҚС төлеуші болып табылмайтын тұлғалардың электрондық шот-фактураны (ЭШФ) жазып беру міндеті Салық кодексінің 208-бабымен реттеледі және салық төлеушінің санатына, операцияның сипатына және оны жүзеге асыру шарттарына байланысты айқындалады.
Сонымен қатар, жаңа Салық кодексінің 491-бабына сәйкес ҚҚС төлеушілер тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жасаған кезде шот-фактураны жазып беруге міндетті.
Егер ломбард ҚҚС төлеушісі болып табылмаса және тек микрокредиттер беру, қарыз сомасын қайтару, сыйақыны есептеу және алу, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды, айыппұлды) есептеу және алу бойынша операцияларды ғана жүзеге асырса, мұндай операциялар бойынша шот-фактураны (ЭШФ) жазып беру міндеті туындамайды, өйткені олар Салық кодексінің 208-бабында көзделген жағдайларға жатпайды.
Сондай-ақ, қаржылық операциялардың жекелеген түрлерін, оның ішінде кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша талап ету құқығын беруді ҚҚС-тан босату Салық кодексінің 477-бабымен реттелетінін және мұндай босату салық заңнамасында көзделген жағдайда ЭШФ жазып беру міндетінен өздігінен босатпайтынын ескеру қажет.
ҚҚС бойынша міндетті тіркеу есебіне қою мақсатында берілген және қайтарылған микрокредиттердің сомалары, қарыздар бойынша сыйақы сомалары, сондай-ақ тұрақсыздық айыбының (өсімпұлдың, айыппұлдың) сомалары салық салынатын айналымға енгізілмейді, өйткені олар тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым болып табылмайды немесе салық салынбайтын айналымдарға жатады.
Салық кодексінде белгіленген салық салынатын айналымның шекті мөлшері асқан жағдайда, салық төлеуші белгіленген мерзімде ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою туралы өтініш беруге міндетті. Аталған міндеттің орындалмауы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтық әкімшілендіру шараларын қолдануға және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.









