Бүгін №7 орта мектепте «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің өкілдері “Саналы қоғам - сенімді болашақ!” тақырыбында аудан ата-аналарымен жүздесіп, өскелең ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов жүргізді.
Жиын барысында бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, бала мен ата-ана арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды.
Алғашқы сөз кезегін алған «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Шәкизат Қаратайұлы бірлестіктің негізгі мақсаты мен қызметінің бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды баяндап, ата-аналардың тәрбиелік әлеуетін арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру бағытында жүзеге асырылып жатқан бастамалармен бөлісті.
Бірлестіктің «Сана сақшылар» бағытының координаторы Хызыр Жанарыс бала тәрбиесіндегі бүгінгі қоғамның өзекті мәселелеріне қатысты ой қозғады.
Бұдан кейін бірлестіктің Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Дәурен Орайұлы өз пікірін білдірсе, ағартушылық бағыттың координаторы Ақерке Жақыпбайқызы «Кітап ашылған үйде – сана ашылады» тақырыбында тағылымды әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында ата-аналар да белсенділік танытып, көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, мамандармен еркін пікір алмасты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








