Тұрғын үй сатып алу, жеке кәсіп ашу, цифрлық платформа арқылы қызмет алу, мүлікті мұраға қалдыру – күнделікті өмірде жиі кездесетін осы шешімдердің барлығы азаматтық заңнама нормаларына негізделеді. Ал олардың қаншалықты түсінікті әрі өзара үйлесімді болуы адамның өз мүлкін еркін иеленіп, оған билік етуіне, келісімшарттар жасасуына және өз мүддесін қорғауына деген сеніміне тікелей әсер етеді. Сондықтан жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу әрқайсымыз үшін де, еліміздің экономикалық дамуы үшін де айрықша маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 28 қазанда Қазақстан халқына Жолдауында болашақ экономикасына көшуге құқықтық негіз қалыптастыратын жаңа Азаматтық кодекс әзірлеуді тапсырды.
Қазір алдағы жұмыстың мазмұнын айқындайтын негізгі тәсілдер пысықталуда. Бұл ретте адамның құқықтарын қорғау, мүліктік қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және жеке бастаманы еркін жүзеге асыру мүмкіндігі басты назарда болады. Аталған бағыттар жобаның жалпы бағдарын айқындайды. Ал нақты шешімдер депутаттық корпус, мемлекеттік органдар, ғалымдар мен заңгер-практиктердің қатысуымен талқыланып, жан-жақты пысықталуға тиіс. Бүгіннің өзінде қандай нәтижелерге қол жеткізуді көздеп отырғанымызды және олардың азаматтардың күнделікті қажеттіліктерімен қалай байланысты екенін түсіндіру маңызды.
Күнделікті өмірдегі конституциялық кепілдіктер
2026 жылғы жаңа Конституция азаматтық заңнаманы жаңғыртудың басты бағдарын айқындап берді. Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы. Бұл қағида нақты құқықтық тетіктерге айналуы қажет. Әрбір жаңа норма адами мүдде тұрғысынан бағаланып, ол қарапайым азаматтың өмірін қалай өзгертеді және ол оны қалай сезіне алады деген тұрғыда қарастыруымыз керек.
Бұл ұстаным жеке мүліктік емес құқықтарды қорғауда айрықша рөл атқарады. Адамның қадір-қасиеті, жеке өмірі мен дербес деректері кез келген жерде, әсіресе цифрлық кеңістікте мықты қорғалуы керек. Адам өз құқығын қандай әрекеттер бұзатынын, қажет болған жағдайда кімге талап қоя алатынын және бұзылған құқықтарын қандай жолмен қалпына келтіруге болатынын нақты білуі керек.
Негізгі Заң меншіктің барлық түрін мойындап, оны тең дәрежеде қорғайды. Жаңа Кодексте бұл қағида меншік құқығының бірыңғай мазмұны мен оны қорғаудың сенімді тетіктері арқылы одан әрі дамуы тиіс. Мемлекет азаматтық қатынастарда кез келген өзге тараппен тең құқылы қатысушыға айналуы қажет.
Меншік құқығының кепілдіктері кәсіпкерлік еркіндігімен де тығыз байланысты. Өндіріске қаржы салу, жаңа жұмыс орындарын ашу немесе ұзақ мерзімді келісімшарт жасасу туралы шешім адамның өзіне тиесілі құқықтардың қорғалатынына және қабылдаған міндеттемелерінің тиісінше орындалатынына деген сеніміне байланысты. Азаматтық заңнаманың болжамды әрі тұрақты болуы осындай шешімдерге тірек болады.
Конституцияда бекітілген мұрагерлік құқығының да орны ерекше. Бұл нормаларды дамытқанда адамның еркі мен отбасының мүддесі басты назарда болуы шарт. Өйткені мұнда жақындарымыздың болашағы мен ұзақ жылғы адал еңбектің нәтижесі сақталуы керек.
Құқықтық сабақтастықты сақтай отырып жаңарту
Қолданыстағы Азаматтық кодекс тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Отыз жылдан астам уақыт ішінде ол нарықтық экономиканың негізгі институттарын бекітіп, шарт еркіндігі мен азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылардың теңдігін орнықтырды. Сонымен қатар оның негізінде құқық қолдану және сот практикасы қалыптасты.
Бұл мол тәжірибе алдағы жұмыстың берік діңгегі болып қала береді. Осы жағдайда өзінің тиімділігін дәлелдеген, әрі түсінікті болып қалған нормаларды сақтап қалу қажет. Бұрыннан қалыптасқан құндылықтар мен жаңалықтар арасындағы сабақтастық қалыптасқан құқықтық қатынастарға деген сенімді жоғалтпай, заңнаманы жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Дегенмен соңғы уақытта экономика да, адамдардың күнделікті тыныс-тіршілігі де түбегейлі өзгерді.Сатып алуларымыз бен қызметтердің едәуір бөлігі цифрлық ортаға көшті. Электрондық шарттарды пайдалану кеңейіп, платформалық өзара іс-қимыл модельдері қалыптастып, зияткерлік қызмет нәтижелерін жасаудың және пайдаланудың жаңа тәсілдері пайда болды. Жасанды интеллектінің дамуы жауапкершілік пен тәуекелдерді бөлуге қатысты қосымша мәселелерді туындатып отыр.
Заңнама бұл өзгерістерге Кодекске енгізілген түзетулер мен жекелеген заңдарды қабылдау арқылы кезең-кезеңімен жауап беріп келді. Ендігі міндет – жинақталған құқықтық шешімдердің өзара байланысын саралап, олардың арасындағы қайшылықтарды жою және негізгі қағидалардың бірізділігін қамтамасыз ету. Әңгіме жекелеген нормаларды жаңартумен ғана шектелмейді. Азаматтық құқықтың негізгі институттарын, олардың өзара байланысын және қолданылу практикасын кешенді түрде бағалау қажет. Мұндай ауқымды міндет жекелеген түзетулер енгізу шеңберінен шығып, азаматтық заңнаманы жүйелі түрде қайта қарауды талап етеді. Яғни заңнамалық өзгерістерді рәсімдеу тәсілдері құқықтық реттеудің сапасын арттыруды көздейді.
Ғылыми ортадағы сындарлы пікірталас бұл жұмыстың мазмұнын тереңдетуге мүмкіндік береді. Әділет министрлігіне ғалымдар мен практик-заңгерлерден келіп түскен ұсыныстар да осыны көрсетеді. Олардың заңнамалық өзгерістерді рәсімдеу нысанына қатысты көзқарастары әртүрлі болғанымен, қолданыстағы Кодексті мұқият қайта қарау, оның негізгі институттарын жаңғырту және озық халықаралық тәжірибені зерделеу қажеттігі ортақ мәселе ретінде көтерілген. Демек, заңнамалық өзгерістерді рәсімдеу тәсілдеріндегі айырмашылықтар бірлесіп шешім іздеуге негіз болатын ортақ мазмұнды жоққа шығармайды. Біз үшін кәсіби ұсыныстардың құндылығы, ең алдымен, олардың болашақ құқықтық реттеудің сапасын қаншалықты арттыра алатыны өте маңызды.
Меншік пен келісімшарт – сенімділіктің негізі
Алдағы реформаның басты бағыты — мүліктік құқықтардың нақты жүйесін құру. Мұнда әңгіме тек жеке меншік туралы емес, өзгенің мүлкін заңды пайдалану құқығы жөнінде де болып отыр. Бізге құқықтардың пайда болуы, мазмұны мен қорғалуының ортақ ережелерін белгілеп, мүлікті иеленушіні кез келген заңсыз қысымнан қорғау қажет.
Мұның түпкі мәні — меншік иесі мен оны пайдаланушы арасындағы ашықтық пен түсінікті ережелер. Құқықтар мен міндеттер әр тарапқа бірдей айқын болуы шарт. Бұл күнделікті тұрмыстағы азаматқа да, тұрақтылықты көздейтін бизнеске де бірдей тиімді.
Шарт еркіндігі де осының ажырамас бөлігі. Азаматтар мен бизнеске келісім шарттарын өз бетінше белгілеуге көбірек еркіндік берілуі керек. Бастысы — өзгенің құқығы тапталмаса болғаны. Артық тыйымдар мен шектеулерді алып тастау маңызды.
Алайда өмірде екі тараптың мүмкіндігі бірдей емес. Қарапайым тұтынушы қызмет алғанда дайын құжатқа қол қоюға мәжбүр, ал ірі компаниямен әр сөзді саудаласу оған оңай емес. Сондықтан шарт еркіндігін кеңейту міндетті түрде азаматты әділетсіз талаптардан қорғау тетіктерімен бекітілуі тиіс. Кәсіпкер мен кәсіпкердің арасындағы қатынас бөлек, ал тұтынушымен қатынас мүлдем бөлек қарастырылуы қажет. Тек осылай ғана біз жаңа Кодекстің «адам үшін» жұмыс істейтініне көз жеткізе аламыз.
Егер стандартты келісімшарттың бір тармағы тұтынушы құқығын таптаса, заң бүкіл шартты жоймай, тек сол әділетсіз талапты ғана алып тастауға мүмкіндік беруі керек. Адам үшін ең бастысы — қажетті қызметті заңды әрі әділ түрде алу.
Мәмілені күшінде сақтау — жалпы қағидаға айналуы тиіс. Келісімді жарамсыз ету үшін өте салмақты себептер, құқық бұзушылық пен заңды мүдделерге нақты бір қарама-қайшылықтар болуы керек. Бұл нарықтағы қарым-қатынасты тұрақтандырып, адал серіктестерді қорғайды.
Адалдық қағидасы қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс істеуі қажет. Өз міндетін адал атқарып, өзгемен санаса білген азамат немесе кәсіпкер заңның қорғауында болуы шарт. Сонымен қатар заңды тұлғалар мен корпоративтік ережелерді жаңарту да маңызды. Қазіргі экономикаға инвестиция тарту, бизнесті өркендету және капитал біріктіру үшін қолайлы әрі түсінікті ережелер ауадай қажет. Бірақ қатысушылардың қауіпсіздігі мен нақты жауапкершілігі басты орында қалуы тиіс.
Цифрлық экономикаға арналған құқықтық нормалар
Жаңа Кодекс бүгінгі күні әлі пайда болмаған технологиялар енгізілген жағдайда да өзектілігін жоғалтпайтындай болуы керек. Сондықтан құқықтық реттеуді нақты бір технологияға тәуелді болмайтын, жалпыға ортақ қағидалар негізінде құру ұсынылады.
Қосымша немесе өзге де цифрлық шешімдер арқылы шарт жасасқан сатып алушы міндеттеменің орындалуына кім жауапты екенін, шарт талаптарын қалай растауға болатынын және құқықтары бұзылған жағдайда қайда жүгіну керектігін түсінуі қажет. Кәсіпкерге де цифрлық сервистерді пайдалану мен олармен байланысты тәуекелдерді бөлу жөнінде нақты әрі түсінікті ережелер керек. Өзара іс-қимылдың технологиялық тәсілі құқықтық қорғау деңгейін төмендетпеуі тиіс.
Ол үшін мәмілелерге, құқық объектілеріне, жауапкершілік пен дербес құқықтарды қорғауға қатысты нормаларды бір арнаға тоғыстыруымыз керек. Зияткерлік меншік, цифрлық мұра және шетелдік элементі бар қатынастар да жаңа дәуірдің талаптарына сай қайта қаралуы тиіс.
Сонымен бірге Кодекс азаматтық-құқықтық реттеудің негізгі актісі ретіндегі маңызын сақтауы қажет. Мемлекеттік басқару мәселелері мен арнайы рәсімдер жекелеген заңдармен реттелуі мүмкін. Алайда олардың азаматтық-құқықтық салдары Кодекстің жалпы ережелерімен үйлесімді болуы керек. Бұл бағыттағы нақты шектеулер мен құзыреттерді ажырату мәселелері жобаны әзірлеу барысында айқындалады.
Мәтін сапасы және жаңа нормаларға көшу тәртібі
Жұмысты әзірлеу барысында Қазақстанның азаматтық заңнамасы жататын континенттік құқық дәстүрін сақтау көзделіп отыр. Бұл ретте құқықтық құрылымдарының жүйелілігімен және мүліктік қатынастарды реттеудегі бірізділігімен ерекшеленетін Германияның азаматтық-құқықтық моделі ерекше назарға алынады. Сонымен қатар Еуропалық жеке құқықтың модельдік қағидаларын және ауқымды экономикалық әрі технологиялық өзгерістер жағдайында жүзеге асырылған Қытайдағы кодификация тәжірибесін зерделеу қажет. Шетелдік тәжірибе дайын шешімдерді сол күйінде көшіру үшін емес, Қазақстанның қажеттіліктеріне сай келетін тиімді тетіктерді іздеу үшін маңызды.
Қолданылатын әрбір шетелдік тәсілдің мақсатын, басқа құқықтық институттармен байланысын және ұлттық құқықтық жүйеге ықпалын алдын ала бағалау қажет. Бұл ретте Қазақстанның қажеттіліктері, отандық құқық қолдану практикасы және ұсынылып отырған шешімдердің ұлттық заңнамаға сәйкестігі шешуші мәнге ие.
Жаңа Кодексті әзірлеу кезең-кезеңімен жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Алдымен жалпы қағидаттар мен құрылым келісіліп, одан кейін жекелеген бөлімдер әзірленеді. Кейін олар талқылаудан және ғылыми сараптамадан өтеді. Сонымен қатар жаңа Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі мен онымен байланысты заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер де алдын ала пысықталуы қажет.
Жаңа құқықтық реттеуге көшу кезінде қолданыстағы шарттар мен бұрын туындаған құқықтар ескерілуге тиіс. Азаматтар мен ұйымдар өздерінің қалыптасқан қатынастарына қандай нормалардың әсер ететінін және жаңа талаптарға дайындалу үшін қандай шаралар қабылдауы керектігін алдын ала білуі қажет. Азаматтық айналымның тұрақтылығы негізгі нормалардың мазмұнына қаншалықты тәуелді болса, осы өтпелі кезеңге қатысты шешімдердің сапасына да соншалықты байланысты.
Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу – жинақталған кемшіліктерді жоюмен қатар, заманауи әрі ішкі құрылымы өзара үйлесімді жеке құқық жүйесін қалыптастыруға берілген мүмкіндік. Отандық азаматтық-құқықтық ғылым мектебі қалыптастырған және тәжірибеде тиімділігі дәлелденген үздік жетістіктерді сақтау маңызды.
Әділет министрлігі мазмұнды кәсіби пікірталасқа ашық. Түпкілікті нәтиже ғылыми көзқарастардың әртүрлілігіне емес, ұсынылған шешімдердің сапасына қарай айқындалуы тиіс. Жұмыстың басты міндеті – жаңа Кодекстің адам құқықтарын қорғауды қаншалықты нығайтатыны, құқыққа деген сенімді арттыратыны және Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді дамуына қандай мүмкіндік беретіні болмақ.
Ерлан СӘРСЕМБАЕВ
Қазақстан Республикасының Әділет министрі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








