Батыс Қазақстан облысында жаңа форматтағы цифрлық кеңсе ашылды

    1 / 4

    Батыс Қазақстан облысында жаңа форматтағы цифрлық кеңсе ашылды

    Батыс Қазақстан облысында жасанды интеллект технологиялары енгізілген жаңа форматтағы цифрлық кеңсе ашылды. Мұнда тұрғындар заманауи цифрлық шешімдердің көмегімен мемлекеттік қызметтерді алып қана қоймай, электрондық сервистерді пайдалануды да үйрене алады.

    Салтанатты ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев қатысты.

    «Еліміздің цифрлық дамуы әрбір өңірді қамтып, барлық азаматқа тең мүмкіндіктер ұсынуы тиіс. Батыс Қазақстан облысында AI-офистің ашылуы – осы бағыттағы жұмыстардың бір бөлігі. Біздің мақсатымыз – тұрғындардың тұрғылықты жеріне қарамастан, жаңа білім алып, заманауи технологияларды меңгеріп, цифрлық құралдарды сенімді пайдалануына мүмкіндік жасау», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев.

    Жаңа кеңсе бірнеше функционалдық аймақты біріктіреді. Цифрлық аймақта келушілер мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта өз бетінше ала алады. Ал сараптамалық аймақта мамандар күрделі қызметтер мен құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі. Экспресс-аймақта өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын пайдалануға мүмкіндік бар.

    Сонымен қатар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Кеңседе тұрғындарға электрондық мемлекеттік қызметтерді, цифрлық платформаларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануды үйрететін арнайы оқу аймағы ұйымдастырылған.

    Тұрғындарға арналған тегін оқыту сабақтары әр аптаның сәрсенбі және бейсенбі күндері сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін өткізіледі.Жаңа цифрлық кеңсе Орал қаласы, Жамбыл көшесі, 81 мекенжайында орналасқан.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жәнібек ауданының әкімдігі" жаңалықтары