Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қарқынды дамыған қазіргі заманда интернет алаяқтық та күн өткен сайын өршіп барады. Сондықтан халықтың қаржылық сауатын арттыру – бүгінгі маңызды міндеттердің бірі.
Осы мәселені назарға алған жамбылдық жас Бекболат Сүлейманов құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған жаңа жоба әзірлеуде.
Жас бағдарламашының «Hermes Analytica» жобасы Қазақстан Республикасының заңнамасы негізінде нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына құқықтық аудит жүргізеді. Жүйе құжаттағы заңнамалық талаптарға сәйкессіздіктерді, құқықтық қайшылықтар мен ықтимал тәуекелдерді анықтауға көмектеседі. Жобаның ерекшелігі де осында: көлемді заң құжаттарын қолмен қарап шығуға кететін уақытты қысқартып, қажетті ақпаратты жүйелі түрде саралауға мүмкіндік береді.
Бекболат Сүлейманов Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Құқықтану» мамандығын тәмамдаған. Мамандығы құқықтанушы болғанымен Бекболат 4 жылдан бері Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде автоматтандыру және есептеу маманы болып қызмет етеді.
– Кейде заңгердің қызметіне жүгіну көпшілік үшін қымбатқа түсуі немесе уақыт жағынан қиындық туғызуы мүмкін. Осыны ескере отырып, алаяқтықтан сақтануға көмектесетін әрі тұрғындарға тегін және жылдам заңгерлік кеңес беретін платформа жасауды ұйғардым. «Hermes Analytica» – алғашқы толыққанды әлеуметтік-құқықтық IT-жобам. Жобаны бастамас бұрын ашық статистика мен алаяқтыққа қатысты мәліметтерді қарап шықтым. Сонымен қатар тұрғындардың заңгерлік көмекке қаншалықты мұқтаж екенін, қандай мәселелерге жиі тап болатынын зерделедім. Осы зерттеулерден кейін платформаның негізгі бағыттарын айқындадым. Жобаны қолға алғаныма жарты жылдай уақыт болды. Алдымен платформаның мақсаты мен талаптарын анықтадым. Одан кейін қажетті технологияларды, оның ішінде бағдарламалау тілін және дерекқорды таңдадым. Келесі кезеңде дизайны мен интерфейсін әзірлеп, бағдарламалық кодын жаздым. Қажетті функцияларды біртіндеп қостым. Заңнамалық мәліметтер базасын жинақтап, жүйеге енгіздім. Бірнеше рет сынақтан өткізіп, анықталған қателерді түзеткеннен кейін іске қостым. Платформада заңгерлік кеңес алу, алаяқтықтан сақтану жөніндегі нұсқаулықтармен танысу, қажетті құжаттардың үлгілерін пайдалану және өтініш жіберу сынды бөлімдер бар. Кез келген азамат толғандырған сұрағын қойып, қысқа уақытта жауап ала алады, – дейді Бекболат Қабылбекұлы.
Мәселен, алаяқтықтан қорғануға арналған бөлімде интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық, жалған несие рәсімдеу, қаржылық пирамидалар, банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде хабарласатын жалған қоңыраулардан сақтану жолдары түсіндіріледі. Бұдан бөлек сайттан мүлік, мұра, борыш пен қарыз мәселелері бойынша ақпарат алуға болады. Отбасы құқығы бөлімінде неке қию және бұзу, алимент өндіру, баланың құқықтарына қатысты сұрақтар қамтылған. Одан бөлек тұрғын үй, жерді пайдалану, жалға беру және коммуналдық төлемдерге байланысты сұрақтарға жауап беретін ақпараттар да жинақталған.
– Платформаны пайдалану тәсілі де қарапайым. Қолданушы өз сұрағын жазады. Жүйе сұрақтың қай салаға қатысты екенін анықтап, заңнамалық деректер базасынан сәйкес ақпаратты іздейді. Қажетті жауап табылған жағдайда оны пайдаланушыға ұсынады. Ал мәселе күрделірек болып, жеке заңгердің көмегін қажет етсе, қолданушыға тиісті маманға жүгіну бойынша кеңес беріледі. Әзірге жоба пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Сондықтан облыстық полиция департаменті, әділет департаменті және прокуратура органдарымен ресми келісім жасалған жоқ. Дегенмен платформаны толық аяқтап, іске қосқан соң алдағы уақытта жоғарыда атап өткен мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істегім келеді, – дейді Б.Сүлейманов.
Алдағы уақытта Бекболат жобаны әрі қарай жетілдіруді жоспарлап, сол бағытта еңбек етпек. Яғни платформаға жаңа функциялар қосуды, оның негізінде мобильді қосымша әзірлеуді көздеп отыр. Сонда жамбылдық жас дарынның жобасы болашақта Қазақстанның өзге өңірлеріндегі тұрғындарға да қолжетімді болуы мүмкін.
Мақалаға тұздық болсын, жыл басынан бері облысымызда интернет-алаяқтықтың 424 дерегі тіркеліпті. Алаяқтық фактілері бойынша 19 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жақында Тараз қалалық полиция басқармасының киберқылмыстарды тергеу бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында ірі алаяқтық қылмыстың бетін ашты. Күдіктілер Алматы қаласында ұсталды. Алаяқтар логистикалық қызмет көрсетеміз деген сылтаумен тараздық тұрғынның сеніміне кіріп, оған 22 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.
Сол секілді 2026 жылдың ақпан айында Байзақ аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1-4-тармақтары бойынша өңірдің екі тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады. Сотталушылар 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз пайда табу мақсатында «WhatsApp» мессенджерінде ыдыс-аяқ және өзге де тұрмыстық тауарларды төмендетілген баға мен сату туралы хабарландырулар жариялаған. Алғашында сатып алушылардың сеніміне кіру үшін клиенттерге тауарларды жеткізіп берген. Кейіннен басқа азаматтардан тапсырыс қабылдап, ақшаларын алғанымен, тауарларды жеткізу бойынша міндеттемелерін орындамаған. Салдарынан 112 адам зардап шегіп, оларға жалпы сомасы 51 288 146 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген. Сот талқылауы барысында сотталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкінетіндерін білдірді. Сот үкімімен күйеуі 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылса, жұбайы 2 жыл 4 айға темір торға тоғытылды.
Көзі ашық, заңды бес саусағындай білетін азаматтардың өзін сан соқтырып кететін алаяқтықтардан айла артылмай тұрған уақытта Бекболат әзірлеп жатқан платформаның пайдасы көп екені анық. Келешекте жобаның жамбылдықтардың құқықтық сауатын арттырып, күмәнді жағдайларда дұрыс шешім қабылдауына септігін тигізетініне сенім мол.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









