Көкшетауда Республика күні аталып өтіп, үздік ақмолалықтар марапатталды

    1 / 17

    Көкшетау қаласында Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңір тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтап, ел мен аймақтың дамуына елеулі үлес қосқан ақмолалықтарға мемлекеттік және өңірлік наградаларды табыс етті.

    Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Марат Ахметжанов осы жылдар ішінде еліміздің мемлекеттілігін нығайтып, өзіндік даму жолын қалыптастырғанн атап өтті. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан саяси және қоғамдық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты.

    «Ақмолалықтар да өз жетістіктерімен туған жердің даңқын асқақтатып, елдің дамуына үлес қосып келеді. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында өңіріміз еліміздің жетекші аграрлық-индустриялық орталықтарының біріне айналып, негізгі астықты аймақтардың қатарына енді. Биыл күрделі ауа райы жағдайына қарамастан, астықтың жалпы түсімі 6,1 миллион тоннаны құрады. Облысымыз құс етін өндіру бойынша да республикадағы жетекші өңірлердің қатарында. Заманауи сүт-тауарлы фермалар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар ашылып, тұрғын үйлер, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандары салынуда», – деді Марат Ахметжанов.

    Мерекелік күні өңірдің дамуына қосқан үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін түрлі сала өкілдері марапатталды. «Парасат», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медальдары, сондай-ақ Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар аграрлық сала қызметкерлеріне, өнеркәсіп және коммуналдық шаруашылық мамандарына, педагогтерге, медицина қызметкерлеріне, мәдениет қайраткерлері мен қоғам белсенділеріне табысталды.

    Марапатталғандардың қатарында Жақсы ауданындағы «Запорожье-Агро» ЖШС-нің бас агрономы Светлана Петренко да бар. Ол ширек ғасырдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, әке жолын жалғастырып келеді.

    «Туған жерімде еңбек етіп келе жатқаныма 25 жыл болды. Әкем де агроном болып жұмыс істеген, сондықтан оның ісін жалғастырып келемін. Еңбегімнің осындай жоғары бағаланғанына ерекше қуаныштымын. Бүгінде аграрлық салаға мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіліп келеді. Бұл заманауи технологиялар мен егіншілікке инновациялық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді. Соның арқасында жұмыс тиімділігін арттыруға жол ашылады», – деді Светлана Петренко.

    Сондай-ақ Ақмола облысының тағы үш тұрғыны жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Оларды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттады. Есіл ауданындағы «Ново-Приречное» ЖШС директоры Валерий Тюркин III дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды. Ал Көкшетау қаласы білім бөлімінің «Нұр бала» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Алданыш Айжарықова мен Жарқайың ауданындағы Тасөткел ауылының әкімі Сәуле Саухимова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

    Салтанатты рәсімнің маңызды сәттерінің бірі – «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағын беру болды. Бұл жоғары атақ мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Сыздықовқа, Көкшетау қаласы мен Ақмола облысы ардагерлер кеңестерінің төрағалары Шияп Әлиев пен Ермек Нұғманға, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұқановқа, педагогикалық еңбек ардагері Құралай Идрисоваға және облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабекке берілді.

    Салтанатты іс-шара Ақмола облыстық Үкілі Ыбырай атындағы филармонияның шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушыларының қатысуымен өткен мерекелік концертпен қорытындыланды. Көрермендер назарына туған жерді, халық бірлігін және Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін танымал қазақстандық шығармалар ұсынылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының әкімдігі" жаңалықтары