1 / 9
Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа ұлттық спорт кешені пайдалануға берілді. Республика күні қарсаңында ашылған спорт ордасы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жас ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашады.
Жаңа нысаның ашылу салтанатына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, көпшілікті құттықтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спортты дамытуға, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға және жастарға қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта Түркістан өңірінде жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Бүгін ашылған нысан – жай ғана спорт нысаны емес, бұл – ұлттық мұраны ұлықтайтын, жас ұрпақтың бойына рух пен намысты дарытатын маңызды кешен. Ұлттық спорт кешенінде балалар мен жасөспірімдер қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және садақ ату спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Спорт ордасында 300-ге жуық спортшы жаттығып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алады.
Жергілікті бюджет есебінен салынған жаңа спорт кешенінің жалпы құны 619,5 млн теңгені құрайды. 0,7 гектар аумақта орналасқан ғимараттың ауданы 820 шаршы метр. Нысанда қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және садақ атуға арналған жаттығу бағыттары қарастырылған. Мұнда 9 жаттықтырушының жетекшілігімен 300-ге жуық спортшы тұрақты жаттыға алады.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысында жалпы құны 11,3 млрд теңгеге 58 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 5,4 млрд теңгеге 31 нысан пайдалануға берілді. Өңірдегі 3 595 спорт нысанының 86 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









