Өнерден жеңіске дейін: елордалық полицейлер оқушылармен мотивациялық кездесу өткізді
Елордалық полицейлер №101 жалпы білім беретін мектептің оқушыларымен кездесу өткізіп, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және өскелең ұрпақтың бойында дұрыс өмірлік құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған мотивациялық әңгіме өрбітті.
Кездесудің құрметті қонағы – Астана қаласы Полиция департаменті жанындағы Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі, халықаралық байқаулардың лауреаты, домбырашы әрі Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртісі Әлібек Қайырбек болды.
Қонақ оқушыларға шығармашылық жолы туралы баяндап, жетістіктерімен бөлісті және ұлттық өнердің мәдени мұраны сақтаудағы маңызына тоқталды. Әсіресе оның Еуропа мен Африка тауларының шыңдарында, сондай-ақ Гималай мен Памирде қазақтың күйлерін орындағаны туралы әңгімелері оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Кездесу барысында отансүйгіштік, мақсатқа ұмтылу және өмірлік жолды саналы түрде таңдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қонақ өз тәжірибесі арқылы табандылық, сүйікті ісіне адалдық және жаңа белестерді бағындыруға деген ұмтылыс жоғары нәтижелерге қол жеткізуге әрі ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде лайықты танытуға мүмкіндік беретінін көрсетті.
Мұндай кездесулер жастарға оң үлгі қалыптастыруға, өз қабілеттерін ашуға және жасампаздық жолын таңдауға көмектеседі. Жасөспірімдердің күш-қуатын білім алуға, шығармашылыққа және спортқа бағыттап, денсаулығын бағалауы, сондай-ақ есірткі қолданудың және есірткіге байланысты құқық бұзушылықтарға қатысудың салдарын түсінуі маңызды.
Астана қаласының Полиция департаменті жастар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жұмыстарын мәдениет, спорт өкілдері мен қоғам қайраткерлерін тарта отырып, жүйелі түрде жалғастыруда.
Ортақ мақсат – денсаулықты, білімді, шығармашылықты және туған елге деген құрметті басты құндылық санайтын ұрпақ тәрбиелеу.








