Республика құрдасы: ел тыныштығын күзеткен тәртіп сақшысы
Отанға қызмет ету – абыройлы міндет, ал ел тыныштығын күзету – үлкен жауапкершілік. Республика күні қарсаңында Астана қаласы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағында қызмет ететін полиция аға лейтенанты Қаирбек Шатановтың өнегелі өмір жолы осы ұғымдармен үндеседі.
Қаирбек – Республика құрдасы. Биыл 36 жасқа толған ол – туған елінің тәуелсіздігімен қатар есейіп, елмен бірге қалыптасқан буынның өкілі. Оның өмірлік ұстанымы мен қызмет жолы Отанға адалдықтың, тәртіп пен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетеді.
Абай облысының тумасы 2024 жылы ішкі істер органдарына қызметке келді. Оның қызметінің ерекшелігі жоғары дайындықты, шапшаң шешім қабылдауды, темірдей тәртіп пен мықты мінезді талап етеді. Мұндай ортада кәсіби шеберлікпен қатар, рухтың беріктігі мен жауапкершіліктің де орны ерекше.
Тәртіп сақшысының бойындағы осы қасиеттердің қалыптасуына спорттың қосқан үлесі зор. Ол қазақ күресі мен дзюдомен айналысып, спорт шеберіне үміткер атанған. Күрес өнері оған физикалық төзімділік пен әдіс-тәсілдерді меңгеруді ғана емес, жеңіске деген жігерді, қарсыласқа құрметпен қарауды және қандай жағдайда да сабыр сақтауды үйреткен.
«Күш – білекте ғана емес, мінезде. Нағыз мықтылық – өзіңді жеңе білу, тәртіпті сақтау және алдыңа қойған мақсатыңа адал болу», – деген ұстаным оның қызметтік болмысына сай келеді.
Алайда форма киген тәртіп сақшысының өмірі тек қызмет пен жаттығудан тұрмайды. Қаирбек – өнерге де жақын жан. Бос уақытында домбыра мен гитара шертіп, әуен арқылы жан дүниесіне тыныштық сыйлайды. Қазақтың қара домбырасынан төгілген күй мен гитараның әуені оның рухани әлемінің байлығын танытады. Бұл – ұлттық құндылықтарды қадірлеп, өнерді өмірінің бір бөлшегіне айналдырған азаматтың болмысы.
Ол тарихи кітаптарды оқығанды да жақсы көреді. Өткеннің өнегесін зерделеу, ел тарихынан тағылым алу – туған жерге деген құрметті тереңдете түсетін қасиет. Ал жылқымен серуендеу, ат үстінде жүру оған ерекше рухани ләззат сыйлайды. Қазақ үшін жылқы – еркіндіктің, тектіліктің және кең даламен біте қайнасқан өмір салтының символы. Қаирбектің бұл әуестігі де оның ұлттық болмысқа жақындығын аңғартады.
Республика құрдасы үшін туған елге қызмет ету – күнделікті міндет қана емес, азаматтық ұстанымның көрінісі. Ол спорттағы табандылығын қызметте шыңдап, ұлттық өнерге деген құрметін жүрегінде сақтап, ел тарихына деген қызығушылығын рухани тірегіне айналдырып келеді.








