Қазақстан мен Таиланд екіжақты әріптестіктің жаңа күн тәртібін қалыптастыруда

    1 / 3

    Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиланд Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Африка істері департаментінің бас директоры Ураса Монгколнавинмен кездесу өткізді.

    Қазақстандық дипломат 2026 жылғы 12–18 қазанда Бангкок қаласында өткен Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы отырыстарына қатысқан Қазақстан Республикасы делегациясына көрсетілген жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық қолдау мен ілтипат үшін Таиланд тарапына алғыс білдірді. Қазақстан тарапы Таиландтың мемлекеттік органдарымен тиімді үйлестіру жұмыстары жүргізілгенін және қазақстандық делегацияның іс-шаралар мен екіжақты кездесулерге қатысуы үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.

    Өз кезегінде Ураса Монгколнавин қазақстандық делегацияның қатысқаны үшін алғыс білдіріп, өткен кездесулердің екіжақты өзара іс-қимылды дамытудағы маңыздылығын атап өтті. Ол Таиланд тарапының Қазақстанмен тығыз үйлестіруді жалғастыруға және практикалық ынтымақтастыққа қосымша серпін беруге дайын екенін жеткізді.

    Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Таиланд арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. 2027 жылы атап өтілетін Қазақстан мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына орай бірлескен іс-шараларды, екіжақты сапарлар мен бастамаларды дайындауға ерекше назар аударылды.

    Басым бағыттардың қатарында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық, Орта дәліздің әлеуетін пайдалану, цифрландыру, туризмді дамыту және тікелей әуе қатынасын жолға қою мәселелері де аталды. Тараптар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, академиялық алмасулар және азаматтарды консулдық қорғау салаларындағы өзара іс-қимыл әлеуетін атап өтті.

    Сондай-ақ кездесу барысында халықаралық және өңірлік ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасылды. Тұрақты саяси диалогты жалғастыруға, бастамаларды өзара қолдауға және Қазақстан мен Таиланд арасындағы әріптестікті практикалық тұрғыдан нығайтуға мүдделілік расталды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі" жаңалықтары