Қарағанды облысының полицейлері Республика күніне орай марапатталды

    Қарағанды облысының полицейлері Республика күніне орай марапатталды. Қарағанды облысының Полиция департаментінде Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға ішкі істер органдарының ардагерлері мен жеке құрам қызметкерлері қатысып, оларды Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Қуаныш Орынбетов құттықтады. Өз сөзінде Қуаныш Орынбетов Республика күнінің ел тарихындағы маңыздылығына тоқталып, полиция қызметкерлерінің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті. «Республика күні – халқымыз үшін ерекше маңызы бар мереке. Бұл – тәуелсіздігімізді бағалап, елдігімізді дәріптейтін күн. Туған жердің тыныштығын сақтау, халыққа адал қызмет ету – үлкен жауапкершілік әрі абыройлы міндет. Полиция қызметкерлері күн сайын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігі үшін еңбек етіп келеді. Бұл қызмет табандылықты, батылдықты және өз ісіне адалдықты талап етеді. Сондықтан әрбір қызметкердің еңбегі мен жауапкершілігі ерекше құрметке лайық», – деді ол. Салтанатты жиын барысында ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, бүгінде зейнетке шықса да, жас буынды тәрбиелеуге үлес қосып жүрген ардагерлерге және қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары кәсібилігімен көзге түскен бірқатар полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Қуаныш Орынбетов Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес, қызметкерлерге жоғары арнаулы атақтарды, құрмет грамоталарын және «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгілерін табыстады. Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік шара Полиция департаментінің көркемөнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламамен жалғасты. Республика күніне арналған бұл іс-шара ел тыныштығын күзетіп жүрген қызметкерлердің еңбегін бағалап, ардагерлерге құрмет көрсетуге және жеке құрамның бірлігін нығайтуға арналды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының Полиция департаменті" жаңалықтары