Жетісу облысының полиция департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарын ауыл шаруашылығы жануарларын күтіп-бағуға жауапкершілікпен қарап, жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады.
Жыл басынан бері облыс аумағында ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен 15 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 6 дерегі бойынша қылмыстық істер қозғалып, 9 факті бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жол-көлік оқиғалары салдарынан 31 адам жарақат алып, 4 адам қаза тапты.
Мұндай оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – малды қараусыз жаю және оның кенеттен автожолға шығуы. Әсіресе, түнгі уақытта және көріну мүмкіндігі шектеулі жол учаскелерінде бұл жағдай үлкен қауіп төндіреді. Жүргізушілер жануарды дер кезінде байқамай, көлікті тоқтатуға үлгермеуі мүмкін.
Осыған байланысты полиция мал иелеріне жануарларды тиісті бақылауда ұстауды, олардың автожол бойында қараусыз жүруіне және жолдың жүру бөлігіне шығуына жол бермеуді ескертеді. Мал жаю кезінде қоршауларды пайдалану, малды айдап өту барысында қауіпсіздік шараларын сақтау және мүмкіндігінше күндізгі уақытты таңдау маңызды.
Жүргізушілерге де елді мекендер, жайылымдар мен фермерлік шаруашылықтар маңында жылдамдықты төмендетіп, жол жағдайына мұқият назар аудару қажет. Әсіресе, қараңғы уақытта жолға жануарлардың кенеттен шығуы мүмкін екенін ескерген жөн.
Жетісу облысының полиция департаменті ауыл шаруашылығы жануарларын жауапкершілікпен күтіп-бағу – тек мал иелерінің міндеті ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты екенін еске салады.
Бір минуттық немқұрайлылық орны толмас қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Әрқайсымыз өз жауапкершілігімізді сезініп, адам өмірі ең басты құндылық екенін ұмытпауымыз керек.
Заң мен тәртіп – әрқайсымыздың жауапкершілігімізден басталады!









