Республика күні орай Ақтөбеде мемлекеттік қызмет ардагерлері марапатталды

    Ұлттық мереке - Республика күні қарсаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге ведомстволық наградалар табыстады.

    Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов қатысты.

    Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен Сәния Қалдығұлова, Светлана Успанова және Болат Көптілеу марапатталды.

    Сәния Қалдығұлова еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары және орынбасары, Ішкі саясат департаментінің директоры, облыстық мәслихаттың хатшысы, 1999–2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі.

    Еңбек жолын қалалық сүт зауытында инженер ретінде бастағанымен, Светлана Успанова кейін Ақтөбе облысы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, бас маман, сектор меңгерушісі және әкімшілік-қаржы бөлімінің басшысы болды.

    Ал Болат Көптілеу еңбек жолының көп бөлігінде Шалқар ауданы әкімі аппаратының құрылымдық бөлімдерінде еңбек етті. 2020 жылдан бері аудан әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келеді.

    Салтанатты рәсімде Асхат Шахаров ардагерлердің мемлекеттік қызметті қалыптастыру мен дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Олардың көпжылдық тәжірибесі, кәсіби жауапкершілігі мен ел мүддесіне адал қызметі кейінгі буын мемлекеттік қызметшілер үшін үлгі екенін жеткізді.

    Марапат иелерінің атынан Сәния Қалдығұлова сөз сөйлеп, көрсетілген құрмет пен еңбектеріне берілген жоғары баға үшін алғыс білдірді.

    «Біз үшін бұл марапатты иелену – үлкен мәртебе. Көрсетілген құрмет пен еңбегімізге берілген баға үшін алғыс білдіреміз. Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын! Болашағымыз жарқын, еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» – деді Сәния Қалдығұлова.

    Облыс әкімі марапат иелерін Республика күнімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық және бақ-береке тіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысы Алға ауданы Қарақобда ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары