ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросында Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шара аясында жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсімі өтіп, Бюро қызметкерлері «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды және жас мамандардың ата-аналарына алғыс хаттар табысталды.
Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев құттықтау сөзінде Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, мерекенің Қазақстан мемлекеттілігін нығайтудағы, ұлттық бірлікті арттырудағы және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
«Республика күні – ел тәуелсіздігін айшықтайтын, бірлігімізді бекемдеп, Қазақстанның болашағы үшін әрқайсымыздың жауапкершілігімізді арттыратын маңызды мереке. Бүгінде ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, өз ісімізге адал болып, еліміздің өркендеуіне үлес қосу айрықша маңызды. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілерге жүктелер жауапкершілік зор. Себебі олардың күнделікті қызметі халықтың мүддесімен және ел дамуымен тығыз байланысты», – деді Мақсат Тұрлыбаев.
Шара аясында Бюроның үш қызметкері «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды. Олардың қатарында Қызмет көрсету және энергетика статистикасы департаментінің Ішкі сауда статистикасы басқарма басшысы Салтанат Каирбекова, Статистикалық тіркелімдер және жіктелімдер департаментінің директоры Елнур Бекбердиев және «Ақпараттық-Есептеу Орталығы» РМК директоры Кайрат Кипатов бар.
Іс-шараның маңызды бөлігі жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсімі болды. Салтанатты жағдайда 8 мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындауға, мемлекет пен қоғам мүддесіне қызмет етуге ант берді.
Жиын барысында жас мамандардың ата-аналарына алғыс хаттар табыстау рәсімі де өтті. Бюро басшысы жауапкершілігі жоғары, мақсатшыл әрі мемлекеттік қызмет жолын таңдаған жастарды тәрбиелегені үшін ата-аналарға жеке алғысын білдірді.
«Жас мамандардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуы олардың жеке күш-жігерімен ғана емес, отбасының қолдауымен, тәрбиесімен және бала кезінен бойына сіңірген құндылықтарымен де тығыз байланысты. Ата-аналарға алғыс хат табыстау – мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін құрмет пен ризашылықтың белгісі», – деп атап өтті Бюро басшысы.









