Астанада әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарынан мемлекеттік гранттар алу үшін өтінім қабылдау аяқталды

    1 / 3

    Биыл 120-дан астам өтініш түскен. Қайтарымсыз қаржыландыру көлемі 5 млн теңгеге дейін жетеді.
    Конкурсқа қатысу қағидалары, грант алу шарттары және жеңімпаздарды іріктеу шарттары туралы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Шұхрат Жораев 24KZ телеарнасының эфирінде айтып берді.
    Өтінімдер 15–20 қазан аралығында Kezekte онлайн-платформасы арқылы қабылданды. Қазіргі уақытта құжаттар қаралып жатыр.
    Конкурсқа іріктеу басталғанға дейін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілер тізіміне енген кәсіпкерлер қатыса алады. Негізгі талаптардың бірі – берілен грант сомасының 20%-ы мөлшерінде қоса қаржыландыру. Мысалы 5 млн теңге грант алған жағдайда, кәсіпкердің өз үлесі 1 млн теңгені құрауы тиіс. Бұл қаражат ақшалай қаражат түрінде ғана емес, жобаны іске асыруға пайдаланылатын мүлік түрінде де енгізілуі мүмкін. Ол үшін мүліктің құны мен меншік құқығын растайтын құжаттар ұсынылуы қажет.
    Грант қаражатын жабдықтар мен станоктар сатып алуға, реконструкцияға, франшиза сатып алуға және қағидаларда көзделген басқа да мақсаттарға пайдалануға рұқсат етіледі. Алайда грант есебінен бизнестің ағымдағы шығындарын, оның ішінде жалақы, жалдау ақысын және коммуналдық қызметтерді төлеуге болмайды.
    Құжаттарды тексеру кезеңінен кейін кәсіпкерлер өздерінің бизнес-жобаларын конкурстық комиссияның қарауына ұсынады. Жобаларды бағалау кезінде олардың әлеуметтік бағыты мен тұрақтылығы, жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті, кәсіпкердің бизнес-идеяны іске асыруға дайындығы, сондай-ақ таңдаған қызмет саласын меңгеру деңгейі ескеріледі.
    Грант алушылар бизнес-жоспарда көзделген міндеттемелерді орындауы тиіс. Атап айтқанда, жоспарланған жұмыс орындарының ашылуы мен грант қаражатының мақсатты пайдаланылуы 18 ай бойы бақылауда болады.
    Конкурс қорытындысын арнайы комиссия шығарады. Жеңімпаздардың саны конкурс рәсімдері толық аяқталғаннан кейін белгілі болады.
    Биылғы конкурсқа қатысып үлгермеген кәсіпкерлерге әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіміне енгізу үшін қажетті құжаттарды алдын ала дайындау ұсынылады. Құжаттарды қабылдаудың келесі кезеңі 1–15 желтоқсан аралығына жоспарланған.
    Әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік гранттар туралы толығырақ 24KZ телеарнасының жаңалықтар шығарылымынан білуге болады:

    https://www.youtube.com/watch?v=_sIkEpxb8Qs

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" жаңалықтары