Тәртіптік іс жүргізу барысында судья құқықтарының кепілдіктері

    Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында тәртіптік іс жүргізу барысында судьялардың құқықтарын қорғаудың құқықтық кепілдіктерін жан-жақты түсіндіретін бейнематериал дайындады

    Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың басшылығымен тәртіптік практиканы жетілдіру және тиісті рәсімдердің ашықтығын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда.

    Бұл жұмыстың негізгі басымдығы – тәртіптік теріс қылықтар үшін жауаптылықтың бұлтартпастығы мен өз міндеттерін адал атқаратын судьялардың құқықтарын қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету. Бұл сот билігінің тәуелсіздігін нығайтуға және қоғамның сот төрелігіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

    Ұсынылған бейнематериалда судьяларды негізсіз немесе заңсыз тәртіптік қудалауға жол бермейтін заңнамалық тетіктерге ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, тәртіптік жауаптылыққа тартудың нормативтік негіздері мен судьялардың процестік құқықтары, оның ішінде іс жүргізу материалдарымен танысу, істі қарауға жеке қатысу және өкілдерді тарту құқықтары түсіндірілген.

    Тәртіптік іс жүргізудің заңда белгіленген мерзімдерін қатаң сақтау, сондай-ақ судьялардың құқықтарын қорғаудың маңызды қосымша кепілі ретінде Сот жюриінің шешімдеріне Жоғары Сот Кеңесіне шағымдану тәртібі жеке қарастырылған.

    Дайындалған материал кәсіби қоғамдастық пен жұртшылықтың құқықтық хабардарлығын арттыруға, тәртіптік рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасының сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі" жаңалықтары