АУДАНДА ӨНДІРІСТІК ПАРКТІҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

    1 / 13
    АУДАНДА ӨНДІРІСТІК ПАРКТІҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
    Аудан экономикасын нығайтып, жергілікті өндірісті дамыту – жаңа жұмыс орындарын ашудың және халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды тетігі. Бұл бағыттағы жұмыстардың бірі – Асықата кентінде қолға алынған шағын өндірістік парктер алаңы. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жұмыс жоспарына сәйкес өндірістік алаңға барып, жобаның екінші кезеңінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
    Жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын өндірістік парктің бұл кезеңінде инвесторлар есебінен 650 млн теңге көлемінде қаражат салынып, бес шағын цехтың жұмысы жолға қойылады. Жаңа кәсіпорындар азық-түлік өндірісін кеңейтіп қана қоймай, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға да серпін бермек.
    Атап айтқанда, мұнда макарон өнімдерін шығаратын цех, наубайхана, сүт өндіру және консервілеу цехтары, жемістер мен көкөністерді сублимациялық әдіспен кептіретін өндіріс орны ашылады. Бұл бағыттар күнделікті сұранысқа ие өнімдерді жергілікті жерде өндіруге, отандық өнім көлемін арттыруға және кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді.
    Ағымдағы жылдың тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жыл соңында аяқталып, 90-ға тарта тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұл – кент тұрғындары үшін жаңа еңбек мүмкіндігі болса, аудан үшін экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған нақты қадам.
    Айта кетейік, өндірістік парктің алғашқы кезеңінде жалпы құны 210 млн теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын шығару, құрғақ және сұйық ұнтақтар, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар жасау жобалары жүзеге асырылған болатын.
    Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жетісай ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары