Түркістан облысында балалар театрының дамуына серпін беретін жаңа бастама қолға алынды. Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында «Алқызыл гүл» қуыршақ ертегісінің премьерасы өтті. Бұл – өңірде кәсіби деңгейде сахналанған алғашқы қуыршақ қойылымы. Туынды - балаларды ізгілікке, мейірімділік пен адалдыққа баулып, сұлулықты бағалауға үндейді. Бұған дейін Түркістан облысында арнайы кәсіби қуыршақ театры болмаған. Осыған орай, Жетісай драма театрының шығармашылық ұжымы қуыршақ өнерін меңгеріп, балаларға арналған жаңа қойылымды көрермен назарына ұсынды.
Қойылымның аудармашысы әрі қоюшы режиссері – Нұрсейіт Өткір. Қоюшы суретшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Срайлов, балетмейстері – халықаралық байқаулардың лауреаты Ринат Билибаев.
Айта кетейік, «Алқызыл гүл» қуыршақ ертегісі Алматы қаласында өтетін IV Халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2026» қуыршақ театрлары фестиваліне қатысады. Бұл – Түркістан облысы театрының шығармашылық әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі









