Алматы облысында қауіпсіз орта қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі таңда өңірдегі 24 ауылдың жергілікті кәсіпкерлері алкоголь өнімдерін сатудан өз еріктерімен бас тартқан.
Бұл бағыттағы жұмыстарды полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізуде. Бастаманың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, алкогольді шамадан тыс тұтынудың кері салдарын азайту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Алғашқы нәтижелер атқарылып жатқан жұмыстың маңыздылығын көрсетеді. Атап айтқанда, алкоголь өнімдерін сату тоқтатылған тоғыз ауылда ағымдағы жылдың басынан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Сонымен қатар алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқаннан кейін бес жылға жуық уақыт бойы мас күйінде жасалған қылмыстар тіркелмеген ауылдар да бар.
Бұл бастамаға қосылған соңғы елді мекен Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Төле би ауылы болды.
Полиция жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында құқықтық тәртіпті нығайтуға және қоғамдық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Заң мен тәртіп әр адамның жауапкершілігінен басталады. Бірлескен күш-жігердің арқасында азаматтардың қауіпсіздігі ортақ басымдыққа айналатын орта қалыптасуда.









