Қайырымдылық айлығы: Қызылжар ауданындағы екі апта ізгі істер

    1 / 3

    мақала

    Қайырымдылық айлығы: Қызылжар ауданындағы екі апта ізгі істер

    Жыл сайын 1 қазанда бүкіл әлемде Қарттар күні атап өтіледі. Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 15 маусымдағы № 1224 Жарлығына сәйкес қазан айының екінші жексенбісі Мүгедектігі бар адамдар күні болып белгіленген.

    Қызылжар ауданында қайырымдылық көмек көрсету айлығы аясында 2026 жылғы 1 қазаннан бастап екі апта бойы 19 ауылдық округте зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарды қолдауға бағытталған іс-шаралар өткізілді.

    Осы күндері аудан тұрғындары, ұйымдар мен мекемелердің өкілдері және жанашыр азаматтар көмекке мұқтаж жандарға қуаныш сыйлау, оларға жан жылуын білдіру және қажетті қолдау көрсету мақсатында күш біріктірді.

    Екі апта ішінде зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға түрлі қайырымдылық көмектер көрсетілді. Атап айтқанда, азық-түлік пакеттері, сыйлықтар мен ақшалай конверттер табысталып, отын мен мал азығы берілді, сондай-ақ тұрғын үйлерді жөндеуге көмек көрсетілді. Жасына немесе денсаулық жағдайына байланысты қосымша қолдауды қажет ететін адамдарға ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, осы кезеңде 1 433 адамға жалпы сомасы 7 495 400 теңгеге азық-түлік көмегі көрсетілді. 1007 адамға 4 097 300 теңге көлемінде ақшалай көмек берілді. Төрт зейнеткерге 285 000 теңге сомасына отын жеткізіліп, 159 адамға 1821000 теңге көлемінде мал азығы берілді. Қайырымдылық түскі астарына 979 адам қатысып, оған 1937000 теңге жұмсалды. Бір адамға 30 000 теңге сомасына тұрғын үйін жөндеуге көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, 3166 адамға 2217200 теңге көлемінде өзге де көмек түрлері ұсынылды.

    Материалдық көмектен бөлек, ауылдық округтерде қайырымдылық түскі астары мен жылы жүздесуге арналған шай дастархандары ұйымдастырылды.

    Сонымен қатар зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған іс-шаралар да назардан тыс қалмады. Олар үшін концерттер, азық-түлік жәрмеңкелері мен экскурсиялар ұйымдастырылды. Мүгедектігі бар балалар мен 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар адамдар «Нептун» аквапаркіне барды. 2026 жылғы 9 қазанда мүгедектігі бар адамдар арасында «Жан қанаты» шығармашылық фестивалі өтті. Ал 2026 жылғы 16 қазанда қарттар арасында аудандық 10 спартакиада ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралардың барлығы қатысушыларға жаңа әсер сыйлап, көтеріңкі көңіл күй қалыптастыруға және күнделікті өмірлерін мазмұнды етуге мүмкіндік берді.

    Екі аптаға созылған игі істер 19 ауылдық округтің тұрғындарын ортақ мақсатқа біріктірді. Бұл — зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдардың өмірін жақсарту, оларға қолайлы жағдай жасау және күнделікті өміріне қуаныш сыйлау.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қызылжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" жаңалықтары