Абай облысының полициясы азаматтарды телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескертеді.
Қаскөйлер өздерін байланыс операторының немесе түрлі ұйымдардың қызметкері ретінде таныстырып, кейін киберполиция атынан хабарласып, азаматтардың ақшасын иемденуге тырысады.
Алдымен белгісіз адам байланыс операторының атынан қоңырау шалып, интернет тарифін ұзартуды ұсынады. Сондай-ақ аурухана, жылу немесе электр энергиясы мекемелерінің қызметкері ретінде хабарласуы мүмкін.
Осыдан кейін азаматқа өзін "киберполиция қызметкерімін" деп таныстыратын басқа адам қоңырау шалады. Ол алдыңғы қоңыраудың алаяқтардан түскенін айтып, азаматтың ақшасына қауіп төніп тұрғанына сендіреді.
Кейін ақшаны "сақтап қалу" немесе банк шотын "қорғау" сылтауымен SMS арқылы келген кодты, растау мәліметтерін немесе басқа да құпия ақпаратты айтуды талап етеді.
- SMS арқылы келген кодтарды, банк картасының деректерін және құпиясөздерді ешкімге бермеңіз.
- Белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аудармаңыз.
- "Ақшаңызды сақтап қаламыз" немесе "қауіпсіз шотқа аударыңыз" деген сөздерге сенбеңіз.
- Күмәнді қоңырауды тоқтатып, ұйымның ресми байланыс нөмірі арқылы ақпаратты өзіңіз тексеріңіз.
- Егер банк деректеріңізді беріп қойсаңыз, дереу банкке хабарласып, шоттарыңызды қорғау шараларын қабылдаңыз.
- Алаяқтыққа тап болсаңыз, полицияға хабарлаңыз.
Полиция қызметкерлері телефон арқылы азаматтардан SMS-кодтарды немесе банк құпиясөздерін сұрамайды және ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуды талап етпейді.
Полиция тұрғындарды қырағы болуға, жеке деректерін қорғауға және алаяқтық туралы ескертуді жақындарымен бөлісуге шақырады.
Есіңізде болсын: телефон арқылы хабарласқан адамның кім екенін тексермей, оған құпия мәліметтеріңізді бермеңіз.









