«Онлайн-бәс пен ойын тәуелділігі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесулері өткізілді

    Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «JASTAR» дамыту орталығы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ақтоған, Жамбыл, Меркі, Аспара, Ақермен, Кеңес, Сарымолдаев және Ойтал ауылдық округтерінде «Онлайн-бәс пен ойын тәуелділігі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесулері өткізілді.

    Кездесулердің негізгі мақсаты – жастар арасында онлайн-бәс тігу мен құмар ойындардың алдын алу, олардың зиянды салдары туралы түсінік қалыптастыру, ойынға тәуелділіктің алдын алу жолдарын түсіндіру және жастардың жауапкершілігін арттыру.

    Іс-шара барысында қатысушыларға онлайн-бәс тігу мен құмар ойындардың адамның психологиялық жағдайына, қаржылық тұрақтылығына және әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсерлері кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ ойынға тәуелділіктің алғашқы белгілері, оның адамның мінез-құлқына әсері, уақыт пен қаражатты бақылаудан айырылу секілді мәселелер қозғалды. Мамандар тәуелділіктің алдын алу үшін саналы шешім қабылдаудың, өз әрекетіне жауапкершілікпен қараудың және қиын жағдайларда дер кезінде көмекке жүгінудің маңыздылығына тоқталды.

    Кездесулердің спикері – Жамбыл облысы «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ басшысының орынбасары, психолог Тілеухан Бақдаулет Мамырханұлы. Ол жастарға құмар ойындардың қызығушылықтан басталып, уақыт өте келе тәуелділікке ұласуы мүмкін екенін түсіндіріп, мұндай әрекеттердің жеке өмірге, отбасылық қарым-қатынасқа, оқу үлгеріміне және болашақ жоспарларға кері әсер ететінін атап өтті.

    Сонымен қатар оқушылармен еркін форматта пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тақырып аясында ой бөлісті. Әңгімелесу барысында бос уақытты тиімді ұйымдастыру, пайдалы әдеттерді қалыптастыру, қаржылық сауаттылық пен жауапкершілікті арттыру, эмоцияны басқару және тәуекелді әрекеттерден аулақ болу мәселелері талқыланды.

    Мұндай ақпараттық-түсіндіру шаралары жастардың зиянды әдеттерге қарсы тұру қабілетін қалыптастырып, саналы таңдау жасауына ықпал етеді. Әрбір жас өз болашағына жауапкершілікпен қарап, уақытын білім алуға, спортқа, шығармашылыққа және өзін-өзі дамытуға бағыттауы маңызды.

    Құмар ойынға емес, өз мақсатыңа ұмтыл!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Меркі ауданының әкімдігі" жаңалықтары