Түркістан облысында полиция 27 мыңнан астам тұрғынмен профилактикалық кездесу өткізді.
Түркістан облысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа ықпал ететін себептерді жою мақсатында "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.
Іс-шараның 15 тәулігінде полиция қызметкерлері 16 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 29 тәуекел факторының толық жойылуына қол жеткізді.
Сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзудың 630 дерегі анықталып, ел аумағында заңсыз жүрген 583 шетелдік тіркелді. Олардың 303-ін сот шешімімен елден шығару үшін тиісті құжаттар рәсімделді.
Азаматтық қару иелеріне де тексеру жүргізіліп, қаруды сақтау және тіркеу талаптарын бұзу деректері анықталды. Нәтижесінде тіркелмеген 7 атыс қаруы тәркіленді.
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Тексеру барысында ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүрген 261 жасөспірім анықталды.
Профилактикалық жұмыстар тұрғындармен тікелей байланыс орнату арқылы да жалғасуда. Осы уақыт аралығында 1 316 кездесу өткізіліп, оған 27 мыңнан астам адам қатысты. Бұдан бөлек, ұрлық, алаяқтық және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған 29 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратылды.
Түркістан облысының полициясы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.








