Астанада зейнеткерлер арасында Республика күніне орай волейболдан жарыс өтті

    1 / 3

    Астана қаласының Өндіріс тұрғын алабындағы спорт кешенінде Республика күніне орай зейнеткерлер арасында волейболдан мерекелік турнир өтті. Спорттық додаға Астана қаласының алты ауданынан келген командалар қатысып, өзара бақ сынасты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Ерлер арасындағы жарыста Есіл, Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа және Сарайшық аудандарының командалары өнер көрсетті. Ал әйелдер арасында Байқоңыр мен Сарыарқа аудандарының командалары күш сынасты. Қатысушылар алаңда ширақ қимылдап, командалық бірлік пен жеңіске деген жігердің үлгісін көрсетті. Тартысты ойындар барысында әр команда қарсыласына лайықты қарсылық танытып, спорттық шеберліктерін паш етті.

    Жарыс қорытындысы бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды.

    «Орталығымызда 2023 жылдан бастап волейбол үйірмесі жұмыс істейді. Аптасына екі рет 70-ке жуық елордалық зейнеткер Көкталдағы дене шынықтыру және сауықтыру кешені мен «Жастар» сарайында жаттығады. Оларға ардагер спортшы Нұрқан Сембаев пен ерікті зейнеткерлер жетекшілік етіп, жаттығулардың тұрақты өтуіне атсалысып келеді. Жалпы, орталығымызда волейбол жақсы дамып келеді. Бұл спорт түріне әйелдердің де қызығушылығы артып отырғаны қуантады» – деді орталықтың Перспективті даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Қымбат Қалелқызы.

    Осындай спорттық шаралар аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары