Қазақстан мен Аргентина ауыл шаруашылығы техникасын елімізде шығару мүмкіндіктерін талқылады

    1 / 4

    Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев Аргентинаның Argentech Group консорциумының өкілдерімен кездесті. Тараптар өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамыту және Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру өндірісін жолға қою мүмкіндіктерін талқылады.

    Argentech Group – Аргентинадағы ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің ең ірі бірлестіктерінің бірі. Оның құрамына егін егу және жинау машиналарын, бүріккіш қондырғыларды, астық сақтау жабдықтарын, гидравликалық жүйелер мен қосалқы бөлшектерді шығаруға маманданған сегіз компания кіреді.

    Кездесу барысында Аргентина өкілдеріне Қазақстанда өнеркәсіпті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ өндірісті елімізде ұйымдастырған жағдайда инвесторларға жүктелетін қарсы міндеттемелер түсіндірілді. Бұдан бөлек, кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланысты нығайту және ұзақ мерзімді әріптестік орнату мәселелері қозғалды.

    «Қазақстан үшін шетелдік өндірушілермен ынтымақтастықты кеңейтумен қатар, отандық машина жасау саласын дамытуға қолайлы жағдай жасау маңызды. Біз өндірісті елімізде жолға қоюға, жаңа технологияларды енгізуге және қазақстандық кәсіпорындарды өндіріс үдерісіне кеңінен тартуға бағытталған жобаларға мүдделіміз», – деді Азамат Панбаев.

    Аргентина делегациясының құрамында Argentech Group президенті Эдгардо Куффия, A. Cuffia компаниясының вице-президенті Даниэль Куффия, Mainero компаниясының сыртқы сауда бөлімінің басшысы Матиас Пескара және Argentech Group жетекшісі Уго Рибба болды.

    Кездесу қорытындысында консорциум өкілдері Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруға қызығушылық танытып, отандық нарықтың мүмкіндіктерін зерделеуге ниетті екенін жеткізді. Атап айтқанда, егін егуге, топырақ өңдеуге, астық жинауға және сақтауға арналған техникаларды, сондай-ақ дәлме-дәл егіншілік жабдықтарын елімізде құрастыру мүмкіндіктері қарастырылмақ.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті" жаңалықтары