Алматыда "Жас сақшы" полиция сыныптарының қатары толықты

    Республика күні қарсаңында Алматы қаласындағы №210 мектеп-лицейде "Жас сақшы" полиция сыныбы салтанатты түрде ашылды.

    Бұл – қаладағы осындай бағыттағы 16-сынып. Оған Отанға қызмет етуге, тәртіп пен жауапкершілікті ту етіп ұстауға ниетті 8-сыныптың 24 оқушысы қабылданды.

    Салтанатты шараға Алматы қаласы полиция департаментінің басшылығы, Генералдар кеңесінің өкілдері, полиция ардагерлері, ұстаздар, ата-аналар мен қызметкерлер қатысты.

    Жаңа сыныпқа қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Ерлан Бопырбаевтың есімі берілді. Бұл – батыр полицейдің ерлігін ұлықтап, жас ұрпаққа адалдықтың, батылдықтың және қызметтік борышқа беріктіктің үлгісін көрсетуге бағытталған бастама.

    Шара барысында оқушылар жас сақшылардың салтанатты антын қабылдады. Қонақтарға полиция қызметкерлері мен мектептің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, Полиция департаментінің оркестрі музыкалық бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ оқушылар полиция бөлімшелерінің жұмысымен және заманауи техникалық құралдармен таныстыратын тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды.

    Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов мұндай сыныптардың жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіпке және заңды құрметтеуге тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.

    - Жастардың кішкентай кезінен заң мен тәртіптің мәнін түсініп, қоғам мен ел алдындағы жауапкершілігін сезінгені маңызды. "Жас сақшы" сыныбы полиция мамандығымен танысумен ғана шектелмейді. Бұл балалардың бойына азаматтық жауапкершілік, адамға құрмет, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруге және оларды қорғауға дайын болу сияқты қасиеттерді сіңіруге мүмкіндік береді.

    Сыныпқа қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптесіміз Ерлан Бопырбаевтың есімі берілгенінің де маңызы зор. Оның есімі оқушыларға ерлікті, антқа адалдықты және қоғам алдындағы жауапкершілікті еске салып тұрады. Осында алған білімдері мен ұстаздарының қолдауы балалардың елге лайықты азамат болып қалыптасуына ықпал етеді деп сенемін, – деді Айдын Кабдулдинов.

    "Жас сақшы" сыныптарын дамыту полиция мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығын нығайтуға, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары