Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов азаматтарды кезекті жеке қабылдау өткізді
Азаматтармен тұрақты кездесулер өткізу – Кеңес жұмысының негізгі қағидаттарының бірі. Олар өтініш берушілерді тікелей тыңдауға, олардың уәждерін егжей-тегжейлі қарауға және қажетті түсіндірмелер беруге мүмкіндік береді.
2026 жылдың 10 айында Кеңес Төрағасы 256 азаматты, оның ішінде 41 судьяны қабылдады.
Кезекті қабылдау барысында азаматтар сот актілерімен және судьялардың процестік әрекеттерімен келіспейтіндерін білдірді. Сондай-ақ судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселелері көтерілді.
Әрбір өтініш бойынша Дмитрий Малахов Кеңестің өкілеттіктерін, судьялар тәуелсіздігінің конституциялық қағидатының мазмұнын, сондай-ақ судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тартудың заңда көзделген негіздері мен тәртібін түсіндірді.
Кеңес Төрағасы Дмитрий Малахов Жоғары Сот Кеңесінің сот төрелігін жүзеге асыруға араласуға және судьяларға қатысты қызметтік тексерулер жүргізуге құқығы жоқ екенін атап өтті. Бұл ретте сот актісіне шағым жасау және судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту – әртүрлі рәсімдер. Сот шешімімен келіспеу өздігінен тәртіптік жаза қолдануға негіз болып табылмайды.
Кеңес Төрағасы азаматтарды жеке қабылдауға ерекше назар аударады. Тікелей диалог әрбір өтініштің мән-жайларын тереңірек түсінуге және жазбаша өтініштерден әрдайым айқын бола бермейтін мәселелерді анықтауға көмектеседі. Алынған кері байланыс Кеңес жұмысын одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Азаматтардың тілектерін ескере отырып, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы жеке қабылдауды күн сайын бетпе-бет немесе онлайн форматта өткізеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Кеңес халықпен ашық диалогты дәйекті түрде дамытып келеді. Өз мәселесін жеке баяндау және түсінікті, негізделген жауап алу мүмкіндігі азаматтардың Кеңес қызметіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.









