13–21 қазан аралығында Испанияның Рокетас-де-Мар қаласында өткен классикалық шахматтан FIDE World Championship 2026 әлем чемпионатында ақтөбелік Әкімхан Әлима Әлімбекқызы күміс медаль жеңіп алды.
7 жасқа дейінгі қыздар арасында бақ сынаған Әлима 11 мүмкіндіктің 8,5 ұпайын жинап, екінші орын иеленді. Жарыс классикалық уақыт бақылауымен өтті: әр ойыншыға 90 минут және әр жүріс үшін қосымша 30 секунд берілді.
Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясының оқушысы шахматпен 5 жасынан бастап айналысады. Оның бұл спортқа деген қызығушылығы үйіндегі шахмат фигураларынан басталған. Бала күнінен ойын ережелерін үйренуге талпынған Әлима бүгінде халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп отыр.
Қазіргі таңда ол AB Chess онлайн шахмат мектебінде Н. Кенжалиннің жетекшілігімен шеберлігін шыңдауда.
Алғашқы жаттықтырушысы – А. Татеров.
Жерлесімізді әлем чемпионатындағы күміс жүлдесімен құттықтап, алдағы жарыстарда жаңа жеңістер тілейміз!








