Мемлекеттің қолдауымен 10 мыңнан астам мүгедектігі бар қазақстандық жұмыспен қамтылды

    Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жалғасуда. Жыл басынан бері мемлекет ұсынған жұмыспен қамту шараларының көмегімен 10,8 мың адам жұмысқа орналасқан.

    2026 жылдың 1 қазандағы мәлімет бойынша, жұмысқа орналасуға көмек сұрап, мансап орталықтарына 29,5 мың мүгедектігі бар азамат жүгінген. Олардың 18,2 мыңы жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға қатысқан.

    Нәтижесінде 10,8 мың адам жұмысқа орналасты. Оның 5,1 мыңы тұрақты жұмыс тапса, 5,4 мыңы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналасқан. Атап айтқанда, 4 264 адам қоғамдық жұмыстарға, 367 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 495 адам «Жастар практикасы» бағдарламасына, ал 499 адам «Күміс жас» жобасына қатысу арқылы жұмысқа орналасқан.

    Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуды қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі жұмыс орындарына квота белгілеу. Әлеуметтік кодекске сәйкес, 50 және одан да көп адам жұмыс істейтін ұйымдарға қызметкерлердің жалпы санының 2-4 пайызы көлемінде квота белгіленеді. Бұл ретте ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындары есепке алынбайды.

    2026 жылы мүгедектігі бар 16 706 адамды жұмысқа орналастыруға арналған квота белгіленді. Биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша осы квота аясында елімізде шамамен 6,2 мың адам жұмысқа орналасқан.

    Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы белгіленген 16 719 жұмыс орнының 8,1 мыңы қамтылып, квота бойынша жұмысқа орналастыру көрсеткіші 48 пайызды құрады.

    Сонымен қатар әр адамның жеке қажеттілігіне сай арнайы жұмыс орындарын ашуға көңіл бөлініп отыр. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша осындай 47 жұмыс орны ашылған. Оның 25-і есту қабілеті бұзылған адамдарға, 12-сі көру қабілеті бұзылған азаматтарға, тағы 10-ы тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған.

    Арнайы жұмыс орындарын ашқан жұмыс берушілерге де мемлекет қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар азаматтардың жалақысын субсидиялау қарастырылған. 2026 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, мұндай субсидия 235 қызметкерге төленген. Оның 19-ы 2026 жылы, 105-і 2025 жылы, 111-і 2024 жылы жұмысқа орналасқан.

    Бұдан бөлек, мемлекет мүгедектігі бар азаматтарға жаңа мамандық меңгеруге және өз кәсібін ашуға да көмектеседі.

    Жыл басынан бері 243 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті.

    «Бастау Бизнес» жобасы аясында 3 639 адам кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Олардың 2 375-і тиісті сертификат алды. Сонымен қатар 2 951 адам онлайн оқуға қатысып, оның 2 265-і оқуын сәтті аяқтап, сертификатқа ие болды.

    Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 578 мүгедектігі бар азамат жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алды. Бұл қолдау азаматтарға өз ісін ашып, кәсіпкерлік қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

    Жалпы, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үшін бірнеше қолдау тетігі қарастырылған. Олардың қатарында мансап орталықтары арқылы жұмыс іздеу, квота бойынша жұмысқа орналасу, арнайы жұмыс орындарын ашу, кәсіптік оқыту, жалақыны субсидиялау, қайтарымсыз гранттар беру және жастарға микрокредит ұсыну бар. Сонымен бірге азаматтар жұмыс іздеп, өз бетінше де жұмысқа орналаса алады.

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейту, кәсіби дағдыларын дамыту және әр адамның еңбек етуіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі" жаңалықтары