Құрметті Павлодар қаласының тұрғындары! Қадірлі сайлаушылар!

    1 / 2

    Құрметті Павлодар қаласының тұрғындары! Қадірлі сайлаушылар!

    Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 12 қазандағы «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» № 1521 Жарлығына сәйкес Павлодар қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаттарының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

    Осылайша, 2023 жылғы 30 наурызда басталған депутаттық корпустың маңызды әрі жауапты қызмет кезеңі өз мәресіне жетті.

    Бүкіл қызмет кезеңінде Павлодар қалалық мәслихаты жұмысының басты басымдықтары қала тұрғындарының мүдделерін қорғау, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету болды.

    Экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын іске асыруға, бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылауға, халықты жұмыспен қамтуға, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.

    Қала өміріне қатысты барлық маңызды мәселелер мәслихат сессияларының қарауына шығарылып отырды. Шешім жобалары халықтың мүдделері мен қаланың өзекті қажеттіліктері ескеріле отырып, тұрақты комиссиялардың отырыстарында алдын ала талқыланды.

    Павлодар қалалық мәслихатының VIII шақырылымы қызмет еткен кезеңде барлығы 48 сессия өткізілді. Оның 15-і кезекті, 33-і кезектен тыс сессия болды. Нәтижесінде 360 шешім қабылданды. Олардың 99-ы азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілер болып табылады.

    Сонымен қатар тұрақты комиссиялардың 80 отырысы өткізіліп, онда қаланы дамытудың түрлі бағыттарына қатысты 371 мәселе қаралды.

    Депутаттық қызметтің маңызды бағыттарының бірі – тұрғындармен тікелей байланыс орнату және олардың өтініштері мен мәселелерін назарда ұстау болды.

    Депутаттар қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша 263 рет қабылдап, 1 144 өтініштерін қарастырды, оның 744-і оң шешімін тапты. Қалған өтініштер бойынша азаматтарға қажетті түсініктемелер мен кеңестер берілді.

    Сайлаушылардың өтініштері мен шағымдарын шешу мақсатында 2023 жылдан бері Павлодар қаласының атқарушы органдарына депутаттар тарапынан 615 сауал жолданды. Жүргізілген талдау нәтижесінде олардың 408-і оң шешімін тапқаны анықталды.

    Бұдан бөлек, Павлодар қалалық мәслихатына «е-Өтініш» электрондық жүйесі арқылы 349 өтініш келіп түсті, оның 166-сына жауап беріліп, 183 өтініш құзыретіне сәйкес тиісті атқарушы органдарға жолданды.

    Осы сандардың әрқайсысының артында қала тұрғындарының нақты өтініштері, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелері, үміт-тілектері мен туған қаласын жайлы, қауіпсіз әрі өркендеген мекенге айналдыруға деген ұмтылысы тұр.

    Мәслихаттың қызметі ашықтық, жариялылық және халықпен тұрақты байланыс орнату қағидаттарына негізделді. Отырыстардың тікелей көрсетілімі қамтамасыз етіліп, қабылданған шешімдер мен атқарылған жұмыстар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жарияланып отырды.

    Біз әрбір тұрғынның өз пікірін білдіріп, ұсынысын жеткізуіне мүмкіндік беруге, ал қала жұртшылығын толғандырған мәселелердің өкілді орган жұмысынан көрініс табуына ұмтылдық.

    Әрине, барлық мәселені толық шешу мүмкін болмады. Дегенмен көтерілген әрбір мәселе, тұрғындардың әрбір өтініші мен ұсынысы бірлескен жұмысымыздың маңызды бөлігіне айналып, алдағы уақытта ерекше назар аударуды қажет ететін бағыттарды айқындады.

    Павлодар қалалық мәслихатының VIII шақырылымының қызметін қорытындылай келе, бізге сенім артқан, белсенді азаматтық ұстаным танытқан, сындарлы ұсыныстар білдірген және туған Павлодардың тағдырына бейжай қарамаған барша қала тұрғынына шынайы алғысымызды білдіреміз.

    Депутаттық корпустың өкілеттігі аяқталғанымен, Павлодарды дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру міндеттері әрдайым өзекті болып қала береді.

    Жинақталған тәжірибе, жүзеге асырылған бастамалар мен халық пен билік арасындағы сындарлы диалог қаламыздың одан әрі өркендеуіне берік негіз болады деп сенеміз.

    Сенімдеріңіз, қолдауларыңыз бен ынтымақтастықтарыңыз үшін әрқайсыңызға шын жүректен алғыс айтамыз!

    Құрметпен, Павлодар қалалық мәслихаты VIII шақырылымының депутаттары.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар қалалық мәслихаты" жаңалықтары