Астанада өткен ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығы (ICAO Security Week 2026) аясында азаматтық авиация қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі мен саланың кәсіби кадрлық әлеуетін дамытуға арналған «Көзқарас күші: әйелдер, адам факторы және авиациялық қауіпсіздіктің болашағы» тақырыбында панельдік пікірталас өтті.
Пікірталасқа ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, ИКАО Жаһандық елшілер бағдарламасының елшісі Салтанат Томпиева, ИКАО Аэронавигация бюросының директоры Мишель Меркл, Италия Азаматтық авиация басқармасының өкілі Каролина Бронзоне, Венгрия Азаматтық авиация басқармасының халықаралық қадағалау және киберқауіпсіздік жөніндегі қызметкері Ванда Папп, Біріккен Араб Әмірліктерінің қадағалау және инспекциялар жөніндегі аға директоры Вафа Абдулла Әл-Обайдли қатысты.
Сессияға ИКАО авиациялық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және рәсімдерді жеңілдету жөніндегі директордың орынбасары, Әуе көлігі бюросы директорының міндетін атқарушы Соня Хифди модераторлық етті.
Талқылаудың басты назарында авиациялық қауіпсіздік жүйесінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – адам факторы болды. Заманауи технологиялар мен нормативтік талаптар қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізін қалыптастырғанымен, қабылданатын шаралардың тиімділігі көбіне мамандардың кәсібилігіне, қырағылығына, қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, дұрыс шешім қабылдау қабілетіне байланысты. Қатысушылар кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, еңбек жолындағы жетістіктері, саладағы сын-қатерлер мен жас мамандар үшін ашылып жатқан мүмкіндіктер туралы әңгімеледі.
Салтанат Томпиева қатысушыларға өзінің кәсіби қалыптасу жолы туралы айтып берді.
«Командамен білім мен тәжірибе бөлісу, тәлімгер болу, кәсіби өсуге жағдай жасау және адамдарды үздіксіз білім алуға ынталандыру маңызды. Менің еңбек жолым мансапты ең төменгі лауазымнан бастап, үлкен жетістіктерге жетуге болатынын көрсетеді. Ең бастысы – үнемі білім алуды жалғастыру, өзіңе жоғары талап қою, кәсіби адалдықты сақтау және жауапкершілікті өз мойныңа алуға дайын болу», – деді С. Томпиева.
Пікірталас барысында кәсіби құзыреттерді дамытуға, тәжірибе алмасуға және әйелдердің авиациялық қауіпсіздік саласындағы кәсіби әлеуетін толық іске асыруына қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды.
«Заманауи технологиялар жастар үшін авиация саласына келудің тиімді мүмкіндігіне айналды. Жұмысқа қабылдау кезінде көбіне кәсіби тәжірибе талап етіледі. Алайда цифрландыру мен киберқауіпсіздік сияқты қарқынды дамып келе жатқан бағыттарда нақты дағдылар, білім және жаңа технологияларға тез бейімделу қабілеті барған сайын маңызды бола түсуде. Дәл осы бағыттарда жастар үшін көптеген мүмкіндік бар», – деп атап өтті Ванда Папп.
«Біріккен Араб Әмірліктерінде үш жылға арналған «Авиация индустриясының болашақ мамандары» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама жас мамандарды кәсіби даярлаумен ғана шектелмей, олардың тұлғалық дамуына және күнделікті жұмыс барысында өз бетінше шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Оған ерлер де, әйелдер де қатысады», – деді Вафа Абдулла Әл-Обайдли.
Өз кезегінде ИКАО Аэронавигация бюросының директоры Мишель Меркл әйелдердің дүниетанымы мен мәселелерді шешуге деген өзіндік көзқарасы бар екенін атап өтті.
«Сондықтан мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға тырысамын. Бізде әйелдерді қолдау мен олардың кәсіби ілгерілеуіне ықпал ететін бейресми қауымдастық бар. ИКАО-да өз мансабында үлкен жетістіктерге жеткен тамаша мамандар жұмыс істейді. Біз өзімізді толғандыратын мәселелерді ашық талқылау үшін бас қосамыз», – деді Мишель Меркл.
Сессияны қорытындылаған Соня Хифди әйелдердің эмоциялық дүниесі бай әрі мәселелерге әртүрлі қырынан қарай алатынын атап өтті. Оның айтуынша, практикалық тәжірибені жеткізу, кәсіби құзыреттерді дамыту және мансаптық өсу мүмкіндіктерін кеңейту ұзақ мерзімді перспективада авиациялық қауіпсіздіктің орнықты жүйесін қалыптастыру үшін айрықша маңызды.
Пікірталас тиімді авиациялық қауіпсіздік жүйесі тек технологиялар мен стандарттарға ғана емес, ең алдымен адамдарға, олардың тәжірибесіне, жауапкершілігіне және бірлесе әрекет ету қабілетіне негізделетінін тағы бір мәрте көрсетті.








