Павлодар қаласында өрт сөндіру автокөліктерімен жылдам маневр жасау және өрт сөндіру-құтқару даярлығы бойынша жарыстар өтті. Үздік атану үшін Павлодар облысы ТЖД-нің 20 бөлімшесінің командалары бақ сынады.
Сынақтар қатысушылардан барынша зейінділікті, дәлдікті және үйлесімді әрекетті талап етті. Жарыс 10 кезеңнен тұрды: жол қозғалысы ережелері мен нормативтерді білу бойынша теориялық тест және автодромда өткен тоғыз практикалық тапсырма.
Қатысушылар теміржол өткелінен өтіп, қол тежегішін пайдаланып көпірге көтерілді, «жыланша» ирек жолдан өтті, 90 градусқа бұрылды, жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп, бүйірлік тұраққа қою және артқа жүріп гаражға кіру дағдыларын көрсетті.
Қорытынды кезеңде оқпанмен жауынгерлік қанат жаю нормативі орындалды. Бұл сынақта жүргізуші, бөлімше командирі және өрт сөндіруші-құтқарушыдан құралған жауынгерлік есептоптың жылдамдығы, өзара іс-қимылы мен үйлесімділігі шешуші рөл атқарды.
Жарыс қорытындысы бойынша Павлодар қаласы ТЖБ- ның № 4 өрт сөндіру бөлімі 4 минут 04 секунд нәтижесімен жеңімпаз атанды. Екінші орынды Екібастұз қаласы ТЖБ-ның № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі 4 минут 43 секунд нәтижесімен иеленді. Үшінші орын Шідерті кентінің № 14 өрт сөндіру бекетіне бұйырды. Олардың нәтижесі — 4 минут 52 секунд.
Жарыс жүргізушілердің кәсіби шеберлігі мен командалық үйлесімділігін сынап қана қоймай, төтенше жағдайларда жедел әрекет ету мен адамдардың өмірін сақтап қалудағы маңызын тағы бір мәрте көрсетті.









