Облыстық полиция департаментінің цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Арман Тұрдалиевтің мәліметінше, «Кілемді бейне бақылау» жобасы аясында өңірде 91214 камера орнатылған. Оның 24488- і жедел басқару орталығы мен полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне қосылған. 2026 жылдың тоғыз айында бейне бақылау жүйелері мен ғылыми-техника лық құралдардың көмегімен 297 қылмыс ашылған.
Бұл тіркелген қылмыстардың 58,2 пайызын құрайды. Қауіпсіздік шаралары білім беру ұйымдарын да қамтиды. Облыстағы 1121 білім беру нысанының 1073-нен бейнебақылаулар жедел басқару орталығына шығарылған. Ал қалада қоғамдық қауіпсіздікті талдау функциялары бар 400 «Pelco VideoXpert» камерасы жұмыс істейді. Жүйе көмегімен 1991 тұлға танылып, оның 173-і қатесіз сәйкестендірілген.
Бұдан бөлек, өңірде бет-әлпетті және көлік нөмірлерін тану, түтін мен қараусыз қалдырылған заттарды анықтау функциялары бар 2657 камера орнатылған. Цифрландыру жұмыстары аудандарда да жалғасуда. Қордай мен Талас аудандарында жедел басқару орталықтарына қажетті жабдықтарды орнату және бейнебақылау жүйелерін облыстық орталық пен интеграциялау аяқталған. Сарысу ауданында 77 камера мен бес «Мерген» кешені орнатылып, сынақ режимінде жұмыс істеп тұр.
Жол қозғалысын бақылауда да автоматтандырылған жүйелердің үлесі артып келеді. Облыста 64 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. Тоғыз айда «Автосканнер» арқылы 61299, «Екин патрол» арқылы 323, ал «ПаркРайт» мобильді кешендері арқылы 101209 нұсқама тіркелген. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыруға арналған 24 «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» іске қосылған. Полицияның техникалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында тұлғаны тану функциясы бар 1174 бейнетіркегішті жалға алу туралы шарт жасалған.
Биыл тоғыз ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынып, келесі жылға тағы 20 дрон алуға өтінім берілген. Тараз қаласындағы «Tetra» цифрлық радиобайланыс жүйесі жаңғыртылып, 2027 жылы сегіз аудандық полиция бөлімін «DMR» цифрлық байланыс стандартына көшіру жоспарланған. Цифрлық шешімдердің басты мақсаты – тек технологияларды көбейту емес, полиция жұмысының тиімділігін арттыру, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жұмыстар өңірдегі қоғамдық тәртіпті бақылау мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.









